Біз маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаудамыз

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.

«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді Президент.

Қазіргі таңда елімізде атом электр станциясын салу мәселесі ел арасында қызу талқылануда. Жалпы «референдум» сөзі латын тілінен (лат. Referendum) аударғанда «хабарлануға тиісті нәрсе» деген мағынаны білдіреді. Яғни, мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Мұндай демокрактиялық институт алғаш рет Швейцарияда қолданылды. Арнайы даярлық қажет ететін төтенше, шұғыл мәселе дауысқа салынбайды. Референдумға заң немесе халықаралық шарт жобасы, басқару сипатындағы мәселелер ұсынылады.

Референдумның негізгі екі түрі бар. Резолютивті референдумда қабылданған шешімнің ешбір қосымша бекітусіз бірден мемлекет аумағында міндетті күші болады және жаңа референдумда ғана күші жойылады;

Консультативті Референдум белгілі бір мәселе жайындағы халықтың пікірін білу үшін өткізіледі. Мұндай Референдумның қорытындысы өкімет үшін міндетті болмайды.

Халықаралық құқықтық мәселе бойынша Референдум (көбіне плебисцит делінеді) өткізу 20 ғасырдың соңғы жиырма жылы ішінде өріс алды. Мысалы, Еуропа Кеңесіне мүше болу-болмау мәселесі бойынша Франция, Дания, Норвегия, Швеция, Ирландия елдерінде Референдум өткізілді. Қазақстанда Референдум өткізу туралы шешімді ҚР Президенті қабылдайды. Оған 18 жасқа толған Қазақстан азаматы қатыса алады. Сот төрелігі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, салық саясаты, бюджет, билік орындарының құзыреті, басқару нысаны, адам бостандығы мен құқығы, әкімшілік-аумақтық құрылыс пен шекара мәселесі референдумға негіз бола алмайды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы референдум 1995 жылы өткізіліп, халық бірауыздан Ата Заңды қабылдады.

Жалпы республикалық референдум – Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру. Ол республикамыздың бүкiл аумағында өткiзiледi. Қазіргі таңда науқанның жалпы ұзақтығы, тағайындалғаннан дауыс беру күніне дейін 35 күн болатыны хабарланды. Дауыс берушілердің тізімдерін жасау бойынша жұмысты жергілікті атқарушы органдар тағайындалғаннан кейін бірден бастап кетті. Айталық, Сайрам ауданында саяси науқанға дайындық барысына байланысты жиын өтіп, онда референдумға дайындық мәселелері жан-жақты сараланды. Жиынға аудан әкімі Арман Сәбитов төрағалық жасады. Оған  тиісті сала және дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдары қызметкерлері, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері және ауылдық округ әкімдері қатысты. Жиын барысында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік көрсетілетін қызмет мониторингі бөлімшесінің басшысы Жасұлан Саутбек қозғалған тақырыпқа қатысты баяндама жасады. Аудан бойынша бекітілген сайлау учаскелері мен аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы туралы сандық көрсеткіштерге тоқталды.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Арман Сәбитұлы жауапты тұлғаларға республикалық референдум өткізудегі дайындық жұмыстары мен ұйымдастыруды жүзеге асыру үшін бірқатар тапсырмалар жүктеді. Саяси науқан барысында сайлау учаскелерінің толыққанды жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету, сайлау округтері туралы ақпараттарды тиісті сайттар мен БАҚ беттерінде жариялау, көрнекті жерлерге референдумға шақыру бойынша баннерлер орналастыру, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне тиісті жағдайларды жасау, қоғамдық қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру, желілік кесте бойынша белсенді насихат жұмыстары мен іс-шараларды жиі жүргізуді жүктеді.

Сонымен қатар, Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының бекіткен жоспарына сәйкес «Референдумды дайындау және өткізу кезіндегі ұйымдастыру мәселелері» тақырыбы бойынша Сайрам аудандық аумақтық референдум комиссиясы мүшелеріне және учаскелік референдум комиссия мүшелеріне оқыту семинары ұйымдастырылды.

Айта кетейік, дауыс беруден 20 күн бұрын, яғни 15 қыркүйекте тізімдер референдум учаскелеріне және электрондық түрде Орталық референдум комиссиясына беріледі. Азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған референдум учаскелері бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері азаматтарға танысу үшін дауыс беру күніне 5 күн қалғанда ұсынылады. Сайлау туралы Конституциялық заңда азаматтардың болу орнын ауыстырған кезде дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі бойынша дауыс беру құқығы көзделген. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде референдумның басқа учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді.

Бюллетеньдер референдум учаскелеріне дауыс беруге дейін 3 күннен кешіктірілмей және 1 күннен кешіктірілмей жеткізіледі. Дауыс беру 6 қазан күні таңғы сағат 7.00-ден 20.00-ге дейінгі аралықта өтеді.

Референдумды ұйымдастыру үшін референдум учаскелерінің екі түрі тартылатын болады: азаматтардың тұрғылықты жері бойынша және азаматтардың уақытша болатын жерлерінде құрылған. Елімізде референдум учаскелерінің жалпы саны — 10 327 (оның ішінде азаматтардың тіркелген жері бойынша – 9 709, уақытша болатын жерлерінде – 618), оның ішінде шетелдік учаскелер — 78 (63 елде). Референдум комиссиялары мүшелерінің саны 70 049 адамды құрап отыр.

Ал, Сайрам ауданында 89 референдум учаскесі жұмыс істейді. Аудан бойынша 635 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі қызмет атқарады. Қазіргі таңда учаскелерді жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Дауыс беру кабиналары арнайы ширмамен жабдықталып, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалады. Бұл ретте жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыс бар. Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру бағытында оқыту жұмыстары жүргізілді. Қалған комиссия мүшелері каскад әдісімен оқытылады.

Республикалық референдум туралы Конституциялық Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес Республиканың азаматтары мен қоғамдық бірлестіктері референдумға шығарылған мәселеге өз пікірін «жақтап» немесе «қарсы» айту құқығына кепілдік беріледі, бұл үгіт болып саналады.

Үгіт плакаттар, парақшалар, баннерлер және басқа да электрондық және баспа материалдарын шығару арқылы жүргізілуі мүмкін. Сондай-ақ заңда жиналыстар, митингілер, азаматтар жиындарын өткізу және бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт жүргізу көзделген. Бұл ретте заңнамада үгіт жүргізу кезінде белгілі бір шарттардың сақталуы көзделген. Барлық үгіт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйым, олардың басылған орны мен таралымы, оларды шығаруға жауапты тұлғалар туралы мәліметтер болуға тиіс. Анонимді үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.

Конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, Республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық үстемдікке, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуға үгіттеуге жол берілмейді. Үгіт материалдарын орналастыру меншік иесінің келісімімен арнайы бөлінген орындарда және өзге де объектілерде жүзеге асырылуға тиіс. Жабық үй-жайлардан тыс үгіт (жиналыстар, митингілер) бейбіт жиналыстар туралы заңның талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Үгіт референдум тағайындалғаннан кейін басталады. Бұл ретте референдумның алдындағы күні (үнсіздік күні) және референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдары, плакаттар сол орындарда сақталса, болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде айтып өткендей, біз болашақ ұрпағымыз үшін осындай мемлекеттік маңызы бар шешімдерді бірлесе отырып қабылдап, маңызды қадам жасаудың жаңа үлгісін көрсетіп  жатырмыз.

Сәбит РЕМЕТОВ,

Сайрам ауданының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *