Еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырады
Қазір әлемде ядролық реакторлар 31 елде, соның ішінде АҚШ пен Францияда жұмыс істеп тұр. Бұл сала белсенді дамып келеді. Бүгінде Қытайда, Оңтүстік Кореяда, Үндістанда, Түркияда, Ұлыбританияда, Ресейде атом электр станциялары салынуда. Қазақстанда да жаңа буындағы атом электр станциясын салу көзделуде. Қазіргі таңда елімізде жалпы қуаты шамамен 24,6 ГВт болатын 222 электр станциясы жұмыс істеуде. Оның ішінде 19,5 ГВт – жылу электр станциялары (ТЭС), 2,5 ГВт – су электр станциялары (ГЭС), 2,6 ГВт – жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) арқылы өндірілуде. 2023 жылы энергия тұтыну көлемі 112,9 млрд. кВт/сағ құрады, ал 2024 жылы тапшылық 2,4 млрд кВт/сағ, 2025 жылы 3,3 млрд кВт/сағ болады деп болжанып отыр. Электр энергиясын өндіру үлесі көмірден – 66 пайыз, газдан – 21,2 пайыз, ГЭС – 6,8 пайыз, ЖЭК – 6 пайыз болуда.
Сонымен қатар, елімізде жаңартылатын энергия көздерінің 148 нысаны бар, олардың жалпы қуаты 2903,7 МВт. Оның ішінде 59 жел электр станциясы – 1409,5 МВт, 46 күн электр станциясы – 1222,61 МВт, 40 су электр станциясы – 269,8 МВт, 3 биогаз қондырғысы – 1,77 МВт.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.
«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.
Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.
Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді Президент.
Бейбіт атомды пайдалану Қазақстанға тұрақты энергия көзіне қол жеткізіп, елдің энергия қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну деңгейі 152,4 млрд кВт/сағ болады деп болжануда. Сонымен қатар, қолданыстағы энергия көздерінің өндірісі (ескіруі, жабылуы, экологиялық санкциялар күшеюі себепті) төмендеп, 135 млрд кВт/сағ-тан кем болуы мүмкін. Осыған байланысты 2035 жылға қарай жалпы қуаты 26,5 ГВт болатын жаңа генерациялайтын қуаттарды енгізу қажет болады.
АЭС қоршаған экожүйеге оң әсер етеді. Атом электр энергиясы бүкіл әлемде қоршаған ортаға әсер етпейтін «жасыл» деп танылады. Сонымен қатар, халықаралық қаржы ұйымдары экология мәселелеріне байланысты көмір электр станцияларын салу жобаларын қаржыландырудан бас тартып отыр.
АЭС біздің қоршаған ортамыздың, тыныстайтын ауамыздың таза болуына ғана септігін тигізіп қана қоймайды, ол халықаралық мәртебені нығайтуға да үлкен үлес қосады. Екіншіден, атом энергетикасының дамуы Қазақстанның технологиялық көшбасшылығын көрсетеді және оның халықаралық аренадағы беделін арттырады. Үшіншіден, атом энергетикасы ғылым, технология және энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Гүлнұр Қайым — Сайрам ауданының тұрғыны