Төлеби ауданының тұрғындары ауыз сумен 100 пайыз қамтылады
Төлеби ауданы аумағында ауыз су құбырының жалпы ұзындығы – 1 226 шақырымды құрайды. Аудандағы 55 елді мекеннің 54 елді мекені ауыз су жүйесіне қосылып, көрсеткіш 98.2 пайызды құрады.
Аталған мәселені толық шешу үшін ауыз сумен қамтылмаған Жаңакүш елді мекеніне тиісті қаржы қарастырылды (жалпы құны – 286 млн. теңге, бөлінгені – 245 млн. теңге). Нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Нәтижесінде аудан халқы 100 пайыз ауыз су жүйесімен қамтылады. Сонымен қатар, ауыз су сапасына да назар аударылуда. Ескірген су жүйелерін жөндеп, ашық су көздеріне су тазалағыш қондырғыларын орнату жұмыстарына биыл 1,2 млрд. теңге бөлініп, 8 нысан бойынша жаңарту жұмыстары жүргізілді. 9 елді мекенде су нысандары ағымдағы жөндеуден өтіп, су тазалау имаратының құрылысы жүргізілді.
2024 жылы 4 нысан Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы, Жаңажол елді мекендерінің ауыз су құрылысы, Көктерек су тазалау имаратының құрылысын аяқталады, 7 елді мекенде ауыз су құбырлары ағымдағы жөндеуден өтеді. Ал, 2023 жылы ауданда 4 елді мекен халқы, 5 елді мекеннің ішкі көшелері табиғи газға қосылып, аудан 100% табиғи газбен қамтылды.
Айта кетейік, Түркістан облысында 832 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Ауыз су желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымға жуықтаған. Облыста жаңадан су, газ, электр желілерін тарту және тозған желілерді жөндеу жұмыстары жалғасын табуда. Бұйыртса, ауыз су бойынша алдағы 3 жылда 202 жоба жүзеге асырылып, тұрғындардың ауыз су саласына қатысты мәселесі шешімін табады немесе жағдайы жақсаратын болады. Ал, табиғи газ саласында – 237, электр саласында 130 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Жалпы 569 жоба іске асырылады деп межеленген.