Төлеби ауданы: Өңірлік даму – ұлттық стратегияның негізі
Қазіргі таңда Қазақстан экономикасының басты басымдығы – инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлік теңгерімді даму. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Инвестиция – экономиканың қозғаушы күші. Жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты артуы үшін әр өңір инвестициялық тартымдылығын арттыруы керек» деп нақты тапсырма берген болатын. Бұл міндетті Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданы жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 13,1 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге немесе 28,1 пайызға артты (2024 ж. – 9,9 млрд тг). Бұл – аймақ экономикасына деген сенімнің, инфрақұрылым мен өндірістік әлеуеттің өскенін білдіретін маңызды көрсеткіш. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 45 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда (2023 ж. – 33,7 млрд тг, 2024 ж. – 43,2 млрд тг).
Осы бағытта ірі жобалар да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «KEGOC» АҚ Төлеби ауданында электр желілерін жаңарту және нығайту жобасын іске қосты. Жобаның жалпы құны бірнеше миллиард теңгені құрайды, оның ішінде тек 2025 жылы 8 млрд теңгесі игеріледі. Бұл бастама Мемлекет басшысының «Энергетикалық қауіпсіздік пен инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуі – ұлттық экономиканың негізі» деген сөзімен толық үндес.
Президент Тоқаев әр Жолдауында инфрақұрылымдық жобаларды дамытудың маңызын атап өтеді. Ол 2023 жылғы Жолдауында: «Инфрақұрылымды жаңғырту – ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етудің негізі. Бұл салаға бағытталған әр теңге болашаққа салынған инвестиция» – деген болатын. Төлеби ауданындағы энергетикалық инфрақұрылымға салынған қаржы – осы ұзақмерзімді стратегияның аймақтық деңгейдегі жарқын көрінісі. Парламент пен Үкіметтің бірлескен қолдауымен, «Бизнестің жол картасы», «Қуатты өңірлер – ел дамуының негізі» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданға инвестиция тарту, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары да белсенді жүзеге асуда. Мұндай қолдау арқасында Төлеби ауданында кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып, жаңа өндіріс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларындағы жобалар кең қанат жайып келеді.Жергілікті атқарушы органдар мен өзін-өзі басқару құрылымдарының үйлесімді жұмысы да бұл жетістіктерге жол ашуда. Ашық бюджет, халықпен тұрақты кері байланыс, инвестициялық жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне нақты бағалау беру – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының шынайы іске асып жатқанын көрсетеді. Мемлекет басшысы бұл қағидатты нақты іске асыру арқылы «Басқарудың жаңа сапасына көшу, тиімділік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажет» деген болатын.Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында аудан әкімдігі бизнеске қызмет көрсету орталықтарын дамыту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру және жер телімдерін ашық әрі жедел бөлу тетіктерін енгізуде. Бұл – Президент Жолдауларында айтылған өңірлік инвестициялық экожүйені жақсарту тапсырмасын орындаудың тиімді жолы.
Сонымен қатар, шетелдік және отандық инвесторлар үшін әкімшілік кедергілерді азайту бағытында нақты реформалар қолға алынған. Инвесторлармен тікелей жұмыс істейтін жоба үйлестірушілері мен фронт-офистердің қызметі де оң нәтиже беруде. Осы тәсілдердің арқасында Төлеби ауданы Түркістан облысындағы инвестициялық белсенділігі жоғары өңірлердің біріне айналып отыр.Қорытындылай келе, Төлеби ауданындағы инвестициялық ахуалдың тұрақты өсімі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағытының, Үкімет пен Парламенттің жүйелі жұмысының, сондай-ақ жергілікті биліктің тиімді басқару тәжірибесінің нақты нәтижесі. Электр желілерін жаңарту сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар – тек ауданның емес, тұтас өңірдің болашағына бағытталған шешімдер. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру арқылы Төлеби ауданы алдағы жылдары да әлеуметтік-экономикалық дамудың үлгісі бола бермек.