Инвестиция, өнеркәсіп, цифрландыру: Президент тапсырмалары Түркістанда қалай орындалады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Президент белгілеген міндеттерді өңірлік деңгейде сапалы әрі уақытылы орындау – жергілікті атқарушы органдардың басты жауапкершілігі.
Осыған орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен мәжіліс өтіп, Мемлекет басшысының 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жолдары жан-жақты талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, аумақтық департаменттердің жетекшілері қатысты.
Мәжіліс барысында Президент жүктеген жеті негізгі бағыт – инфляцияны төмендету, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, инвестиция тарту, заманауи өнеркәсіпті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, көлік логистикасын жетілдіру және электр энергиясы тапшылығын азайту мәселелері кеңінен қаралды.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау әрбір басшының жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтар болып қала береді. Сонымен қатар барлық салада цифрлық технологияларды енгізу мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жобаларды жеделдету қажеттігі айтылды. Президент тапсырмаларын мерзімінде әрі сапалы орындау үшін арнайы іс-шара жоспары әзірленетіні де мәлімделді.
Инвестициялық саясат аясында 2025 жылдың қорытындысымен Түркістан облысында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрап, жоспар 121,6 пайызға орындалғаны айтылды. Ал 2026–2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Бұл жобалар жаңа өндіріс орындарының ашылуына және өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етпек.
Өнеркәсіп саласында 2025 жылы өндірілген өнім көлемі 1 596 млрд теңгеге жетіп, 13,8 пайыздық өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 47,5 пайызды құрайды. Алдағы уақытта импортты алмастыратын және терең өңдеуге бағытталған жобаларды іске асыруға басымдық берілмек.
Жиында цифрлық мемлекет қалыптастыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ақпараттық жүйелерді өзара ықпалдастыру, бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен қозғалды. Сонымен қатар өңірде жұмыс істеп тұрған 215 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісін қолдау, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру және мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту міндеттері нақтыланды.
Көлік логистикасын дамыту бағытында халықаралық транзиттік дәліздердің әлеуетін тиімді пайдалану, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін белгіленген мерзімде аяқтау, Түркістан әуежайын бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Энергетика саласында да өңірдің электр энергиясына тәуелділігін азайтуға бағытталған ірі жобаларды іске асыру қажеттігі айтылды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау – әр басшының тікелей міндеті екенін атап өтті. Жиын қорытындысымен барлық бағыт бойынша нақты тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, Президент жүктеген міндеттерді іске асыруға арналған арнайы іс-шара жоспарын әзірлеу тапсырылды.
