Жолдау жүктеген міндет: Қазығұртта құрылыс қарқыны күшейіп, инвестиция көлемі артты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерді теңгерімді дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру басты міндеттердің бірі екенін атап келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар Түркістан облысының Қазығұрт ауданында да нақты нәтижесін беруде.

Былтыр ауданда 14,6 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 35,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 80 отбасы баспанамен қамтылды. Биыл бұл көрсеткішті арттырып, 100 пәтерді ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар аудан елді мекендері 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Электр желісімен қамту деңгейі 98,4 пайызды құраса, бүгінде 61 елді мекеннің 55-і көгілдір отынға қосылып, газбен қамту көрсеткіші 90,1 пайызға жеткен. 2027 жылға қарай аудан аумағын толықтай орталықтандырылған газ жүйесімен қамту көзделуде.

Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз жиынында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов мәлімдеді. Аудан басшысының айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2025 жылы 21 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 12 елді мекенде 22 көшеге жөндеу жұмыстары атқарылды.

Әлеуметтік салада да ауқымды жобалар жүзеге асуда. 2025 жылы аудан бойынша 4 медициналық нысанның құрылысы аяқталса, биыл тағы 4 медициналық мекеменің құрылысы басталмақ. Білім беру саласында Шарбұлақ ауылында 300 орындық мектеп мемлекеттік бюджет есебінен салынса, Сарапхана ауылында 500 орындық және Қазығұрт ауылында 600 орындық мектептер жеке инвесторлар тарапынан бой көтеруде. Былтыр 15 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілсе, биыл 35 мектепті жөндеу үшін салалық басқармаға ұсыныс енгізілген.

Экономикалық көрсеткіштер де өсім үстінде. 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 162,8 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімдерін арттыру мақсатында Тұрбат ауылында 60 гектар аумақта «ТҰРБАТ» агроиндустриалды аймағы құрылды. Жыл соңына дейін нысанды толық инфрақұрылыммен қамту жоспарланып отыр. Бұл аймақта 416 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 2025 жылы 47,9 млрд теңгені құраса, биыл бұл көрсеткішті 56 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Өткен жылы ауданда 83,1 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, салаға 25,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда 510 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі енгізілсе, биыл бұл көлем 600 гектарға дейін ұлғайтылмақ. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында былтыр 534,6 млн теңгеге 65 жоба қаржыландырылса, биыл 1,2 млрд теңгеге 98 жобаны қолдау жоспарланған. Сонымен қатар 2025 жылы 78,6 шақырым канал механикалық тазалаудан өтіп, биыл 85,5 шақырым каналда осындай жұмыстар жүргізіледі.

Аудан әкімі алдағы жоспарларға да тоқталды. 2026–2027 жылдары жалпы саны 15 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде заманауи америкалық әдіспен 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңының, ауыз су мен кәріз құбырларын өндіретін зауыттың және қыш өндірісі кәсіпорнының құрылысы басталмақ.

Жалпы, Қазығұрт ауданында инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға сай жүйелі түрде жалғасуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *