Президент тапсырмасы: Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа тетіктері енгізіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерде шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, өндіріс пен өңдеуді күшейту – ел экономикасының орнықты өсімін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі екенін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Осы міндеттерді жүйелі іске асыру мақсатында Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған нақты шаралар қолға алынуда.

Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды қолдау және іскерлік ортаны жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, қолайлы іскерлік климат қалыптастыру бағытында бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде облыста 215 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Кәсіпкерлік саласы өңірдегі жұмыспен қамту мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі тірегіне айналып отыр.

– Алдымызда шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін ұлғайту, қайта өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер тұр. Осы мақсатта индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Кәсіпкерлердің уақытын да, қаржысын да үнемдеуге бағытталған шағын өндірістік парктер жобасы қолға алынды. Дайын өндірістік ғимараттар жеңілдетілген шарттармен ұсынылады. Бұл бағытта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимылды одан әрі күшейту маңызды, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында Қанат Шарлапаев Түркістан облысының экономикалық әлеуетіне жоғары баға беріп, өңірдің ел экономикасының өсім нүктелерінің біріне айналуға толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Палата нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, рәсімдерді жеңілдетуге және кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға басымдық беріп отыр. Өндіріс пен өңдеуді тежейтін нормалар қайта қаралып, бизнесті ынталандыратын тетіктер күшейтілуі тиіс.

Жиында кәсіпкерлер жиі көтеретін жер мәселесі, инфрақұрылымға қосылу, инженерлік желілер, рұқсат беру рәсімдері, тексерулер мен қаржыландыруға қолжетімділік секілді түйткілдер талқыланды. Осы бағытта жобаларды бірлесіп сүйемелдеудің нақты әрі түсінікті механизмін қалыптастыру ұсынылды. Сонымен қатар цифрлық шешімдерді енгізу мен еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру мәселелері де сөз болды.

Кездесу аясында шағын, орта және ірі бизнеске арналған қолдау құралдары таныстырылды. Атап айтқанда, шағын бизнеске арналған жеңілдетілген қаржыландыру тетігі іске қосылған. Қаржыландыру мөлшерлемесі – 13,2 пайыз, несие көлемі – 200 млн теңгеге дейін. Бұл қаражат негізінен өндіріс пен өңдеу саласына бағытталмақ. Аталған құрал Түркістан облысы үшін аса өзекті, себебі өңірде агроөңдеу, құрылыс материалдары, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салалары қарқынды дамып келеді.

Кездесу соңында әкімдік пен бизнес арасындағы тұрақты әрі мазмұнды диалогтың маңыздылығы атап өтілді. Инвестициялық жобаларды бірлесіп мониторингтеу, инфрақұрылымдық шектеулерді талдау және жүйелі мәселелерді Үкімет деңгейінде көтеру жөнінде ортақ пікір қалыптасты.

Айта кету керек, бүгінде Түркістан облысында жалпы аумағы 1 960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ бар, оның 12-сі соңғы екі жылда құрылған. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақта екі жаңа өнеркәсіптік қосалқы аймақ іске қосылды. Қазіргі таңда индустриялық және экономикалық аймақтарда жалпы құны 445,4 млрд теңге болатын 126 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ал 2026–2029 жылдарға жоспарланған 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Аудан мен қалаларда 25 өндірістік парк құрылып жатыр. Құрылысы аяқталған 45 өндірістік ғимаратта 32 жоба іске қосылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *