Қазығұртта конституциялық реформаның маңызы түсіндірілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформаның өзекті тұстарына арнайы тоқталған болатын. Президенттің айтуынша, Конституцияға қатысты қоғамдық пікір алмасу соңғы жарты жыл бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Азаматтардан түскен ұсыныстарды жүйелеп, жан-жақты саралау мақсатында 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылған. Бұл бастама елдің саяси жүйесін жаңғыртуға және қоғамның басқару үдерістеріне сенімін арттыруға бағытталған.
Осыған орай Қазығұрт аудандық әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Азизхан Исмаилов-тың төрағалығымен «Қазақстандағы конституциялық реформа» тақырыбында аудан активінің отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл округі әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, аудандық мемлекеттік мекемелер мен дербес бөлімдердің басшылары және жастар қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі конституциялық реформаның ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер қоғам мен мемлекеттің дамуына тың серпін беріп, басқару жүйесін жаңғыртуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Аудандық мәслихат төрағасы Тайбек Қалымбетов Ата заңға енгізілетін өзгерістер қоғамдық-саяси, әлеуметтік және құқықтық салаларды жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтты. Ол мәслихат депутаттары мен ауыл округі әкімдеріне тұрғындар арасында конституциялық реформаның мәні мен маңызын жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізудің қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, «AMANAT партиясы» Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Есімхан Исақұлов «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын жүзеге асыруға бағытталған бұл тарихи бастаманы партия фракциясы толық қолдайтынын жеткізді.
Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейдулла Сеңгірбаев көтерілген ұсыныстар мен айтылған пікірлерді жергілікті деңгейде нақты істер арқылы жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, аға буын өкілдері бұл бағыттағы жұмыстарға белсенді атсалысуға дайын екенін білдірді.
Жиын қорытындысында конституциялық реформаларды жан-жақты түсіндіру, оларды жергілікті жерде тиімді іске асыру және қоғаммен кері байланысты күшейту қажеттігі атап өтілді.
