Президент тапсырмасы: Түркістанда егістік алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізілуде
Түркістан облысында егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын ендіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында қаралды. Жиынға Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында суды үнемді пайдалану, алқаптарды заманауи технологиялармен суғару және өнімділікті арттыру қажеттігіне ерекше тоқталған болатын. Сол тапсырмалар аясында 2026 жылға белгіленген жоспар бойынша өңірдегі 77 шаруашылық 7 228 гектар алқапты су үнемдеу технологиясын енгізуді қолға алмақ.
Жер жырту бойынша Мақтааралда 90%, Шардарада 81%, Жетісайда 80% орындалған. Қазіргі уақытта 22,6 мың гектар жерде сор шаю жұмыстары атқарылып, жұмыстар жалғасуда.
Нұрбол Тұрашбеков суғару кезеңі басталмас бұрын сор шаю жұмыстарын толық аяқтауды, сондай-ақ мақта алқаптарын ұлғайту кезінде су үнемдеу әдістеріне басымдық беруді тапсырды. «Суды ысырап қылмай, мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажет. Былтыр 114 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, 195 млн текше метр су үнемделді. Осы тәжірибені негізге алып, диқандарға мемлекеттік қолдау жөнінде толық ақпарат ұсынылуы тиіс», – деді ол.
Облыста жалпы қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтуға қабілетті су үнемдеу қондырғыларын шығаратын 4 кәсіпорын бар. Мемлекеттік қолдау аясында жалпы 5 кәсіпорын шаруаларға қызмет көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда компаниялармен 4 мың гектардан астам жерді қамту бойынша келісімшарт түзілген, ал 1 842 гектар алқаптың құжаттары субсидиялауға ұсынылған.
Жиын қорытындысы бойынша хаттама түзіліп, барлық тапсырмалар тұрақты бақылауға алынды.
