2030 жылға қарай электр тапшылығы мәселесі шешіледі деп сенеміз
Елімізде атом электр станциясын салуға байланысты референдум өткізілмек. Қазір қоғамда бұл мәселеге келгенде екі ұдай пікір бар. Менің айтайын дегенім, бүгінде еліміздегі техникалық жоғары және арнаулы оқу орындарында атом энергиясының мамандары даярлануда. Болашақта атом станциясы салынатын болса, онда сол мамандар жұмыс істейтін болады.
Жалпы қоғамымызда АЭС салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Әлі нақты бір шешім қабылданған жоқ. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында сауалнама жүргізілген болатын. Оған 1200 респондент қатысыпты. Нақты айтар болсақ, елімідің 17 облысынан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысқан екен.
Қатысушылардың басым бөлігі (53,1%) АЭС салу идеясына қолдау білдіріпті. Бұл дегеніміз АЭС салу идеясын қолдайтындар оған үлкен үміт артады, соның ішінде 2030 жылға қарай электр тапшылығы мәселесі шешіледі деп сенеді. Ал, қарсы болғандар негізінен ықтимал апаттар мен олардың қоршаған ортаға тигізетін зардаптарына алаңдаушылық білдіруде.
Реті келгенде айта кетейік, әрбір оныншы респондент (14,4%) өз таңдауын әлі жасаған жоқ екен. Жалпы респонденттердің жартысы (51,0%) өздерін АЭС құрылысына қатысты референдумда «қолдау» немесе «қарсы» деп дауыс беру үшін жеткілікті ақпарат пен білім деңгейіне иеміз деп санайды. Респонденттердің тағы 12,2%-ы толық емес ақпаратқа ие екенін мойындайды. Сауалнамаға қатысқандардың 31,6%-ы мүлдем ешқандай ақпаратқа ие емес, ал, 5,2%-ына жауап беру қиынға соқты.
Сауалнама барысында респонденттердің 42,6%-ы АЭС салу мәселесі бойынша референдумға қатысуға толыққанды ниет білдірді. Тағы 16,4%-ы қатысу мүмкіндігін айтты. Респонденттердің 25,3%-ы референдумға қатыспауды жоспарлайды, 8,9%-ы шамасы қатыспайды, ал, 6,8%-ы жауап беруге қиналыпты.
Асқарбек Маматов,
Сайрам ауданының белсенді жасы