Балаларын жастайынан еңбекке баулыды
Ақындық ана сүтімен дарыған
Әңгімемізге арқау болып отырған желтоқсаншы Созақ ауданындағы І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан Жанат Райымбекова. Жанат апайдың төркін жұрты Қарағанды облысында ғұмыр кешеді. 1964 жылдың 5 сәуірінде дүниеге келген Жанат Керімбайқызы бақытын еңбектен тапқан шаруа отбасында өсіп-өнді. Әсіресе анасы Әсия апамыз барлық істің оябын табатын өте пысық әйел болыпты. Апасының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары көздің жауын алатын болған. Құрақ құрап, сырмақ сыру, алаша, кілем тоқу сияқты өнерін ауылдың көнекөз қариялары кешеге дейін ауыздарының суы құрып айтып отырады екен.
–Менің анам ісмерлігінің арқасында туған-туыс пен көрші-қолаңның қыздары ұзатылса жасау-жабдығын бір өзі дайындап беретін болған. Тура мағынасында қазақ әйелінің эталоны болды десем жаңылыспаймын. Ал, осындай жұмыстарды істегенде бір әуенге салып алып, жайымен өлең айтып отырушы еді. Негізі, маған, ақындық өнер осы анам жағынан келді. Шешемнің әкесі Жақыпбек нағашым жанынан өлең шығарып айта беретін мықты ақын болыпты. Анам айтып отыратын, соғыс жылдарында әскерде жүрген боздақтарға хат жазғанда міндетті түрде өлеңмен жазу дәстүрге айналған еді деп. Сол хаттарды Жақыпбек нағашымызға ауылдастары өлеңмен жаздыртып отырған. Бірақ нағашымның сауаты болмағандықтан мектепте оқитын кішкентай оқушы қызы Әсия анам қағазға түсіріп отырады екен. Пәленше деген солдаттан хат келгенде әкем былай деп өлеңмен жауап жазған деп анам сол өлеңмен жазылған хатты бастан-аяқ жатқа айтып отыратын. Есте сақтау қабілеті ерекше мықты еді. Әкесінің қасында жүріп анам да өлең шығаруға икемделіп, тәп-тәуір ақынға айналған. Біздің әулетте ұл бала болмады. Біздер үш қыз едік. Өкініштісі – анамның небір өлеңдері мен шежіре әңгімелеріне зейін қоймағандықтан ұмытылып кетті. Не жазып алмаппын, не таспаға басып алмаппын деп өкінемін, – дейді Жанат әпкеміз.
Әлі есінде, мектепте оқып жүргенде «Ошаған» деген қабырға газеті болатын. Сабақ үлгерімі нашар оқушыларды әжуалаған тақпақтар, суреттер осы қабырға газетіне басылып, ілулі тұратын. Сонда «Ошағанның» редакторы да, ақыны да, суретшісі де Жанаттың бір өзі болады екен. Бір қызығы, ақындық нағашы жұртынан келгенде, суретшілік өзінің әкесі Керімбай ағамыздан ауысқан көрінеді. Өзінің бауырлары да, тіпті бала-шағасы да сурет салуға шебер болып шықты.
Өнегелі отбасында тәрбиеленіп, жан-жақты өнерлі болған қаршадай қыз мектептен соң Алматыны бетке алды. Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы деген мамандықты иеленді.
Ол кездегі жастар намысшыл әрі бауырмашыл еді
Иә, намысшыл болмаса, отаншыл, рухшыл болмаса қазақ жастары 1986 жылы алаңға шықпас еді. Ойына келгенін істеп отырған орыстың озбыр саясатына мүйізі қарағайдай шенеуніктер емес, өрімдей жастардың өре түрегеліп, қарсы шыққанына қайран қаласың, әрі сүйсінесің. Желтоқсаншы жастардың тарих сахнасындағы ерлігіне әлі шын баға берілген жоқ. Жылдар жылжыған сайын ақиқаттың көмбесі де аршылып, жантүршігерлік оқиғаның жай-күйі айқындалып жатыр. «Әр республиканы өз ұлтынан шыққан азамат басқару керек» деген жастардың ұраны жай айғай емес, Махамбетше ақырып теңдік сұраумен парапар ерлік еді.
1986 жылы Жанат Райымбекова соңғы курста оқитын. Біраз бұрын тепкішектен құлап, жамбасын зақымдап алғандықтан, аяғын сылтып басып, балдақпен жүруші еді. Топтың старостасы әйгілі жазушы Төлен Әбдіктің қызы Қарлығаш есімді студент еді. Сол құрбысы мемлекет тізгінін Колбин деген қайдағы біреу алғанын айтып, жастар наразылығын білдіруге Үкімет үйінің алдына жиналып жатқанын, алаңға өздері де баратындарын жеткізген. Қатарластары жаппай алаңға шығып бара жатқанда мұның да бойына бір ызалы күш құйылғандай болып, балдағын лақтырып тастады. Аяғы ауырғанын елеместен дос-құрбыларымен алаңның ортасына жөнелді. Жолай көшеден Бекболат Тілеухановтың «Күмбір, күмбір кісінетіп» деп басталатын күйтабақтағы термесін естіп барды. Алаңға барғанда Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін барша жандармен бірге қосыла шырқап тұрды. Түннің бір уағына дейін сонда болды. Ел ағалары жастарға тараңдар деп үздіксіз сөйлеп жатты. Түнгі сағат 2-лердің кезінде мінбеге өзін Нүркенова Сәбира деп таныстырған әйел шығып сөз сөйледі.
Оның қасында қазақша киіндірген бүлдіршін қызы бар екен. Сол заматта-ақ жасаауылдар әйелді бір жаққа, қызын бір жаққа алып кетті. Жастар Нүркенованы босату үшін лап қойды. Қақтығыс басталып кетті. Бір-бірін аяп жатқан ешкім жоқ. Өлген-тірілгеніне қарамай алаңдағы жастар милицияның погонын жұлып, олар дубинка, күрекпен сабап, нағыз қантөгіс болды. Осы дүрмектің ортасында жүрген кезін Жанат Керімбайқызы былай деп еске алады:
–Арнайы жасақтың солдаттары шетінен қиратып, жан-жағымыздан тықсырып келе жатты. Бір кезде бір топ қыз ортада қалып кетіппіз. Бір жігіттің «Қыздар қалып кетті. Жігіттер, қыздарды арқамызбен қоршайық, ортамызға алайық, ортаға» деп жанұшыра айқайлаған даусымен жігіт біткен бізді ортаға алып, таяқ тигізбей шетке алып шығарды. Алаңға жақын жердегі бір дүкен арқылы арғы бете шығарып жіберді. Сол кезде қасымыздағы бір жігітке соққы тиіп, ол біздің үстімізге құлап, одан біз құлап, апыр-топыр болып жаттық. Қырғын болып жатса да сол жасауылдардың ішінен бір қырғыз жігіт сыбырлап, «бұл жерден тез кетіп қалыңдар» деп жанашырлық танытқаны есімде қалып қойыпты. Қасымдағы қыздармен манағы басы жарылып, есінен айырылып жатқан жігітті қаумала қолтықтап, өзімізбен бірге алып кеттік. Алаңдағы жастардың бір үйдің балаларындай татулықпен, жанашырлықпен бір-біріне қарасып жүргенін ойласам тебіреніп кетемін. Әсіресе, сол кездегі ұлдардың бойында нағыз ер жігітке тән қасиеттер мол еді ғой. Өздері таяқ жеп жүрсе де, бізді ортаға алып, кеуделерін оққа тосқандай қасқайып қарсы тұрған әрекеттері нағыз ерлік қой. Алматыға барған сайын алаңға соғып, тағзым етемін. Құлағыма шыңғырған дауыстар, көкмұзда тайып жығылған жастардың айқайы келеді. Оны бір өмір ұмыта алмасам керек…
Бұрымы беліне түскен сұлу бойжеткенді тағдыр Нұрғалидай азаматқа жолықтырды. Өзімен бірге оқыған жігітпен сыйласа жүріп, ақырында бірге шаңырақ көтеріп, Созақ жеріне табан тіреді.
«Балаңды аясаң – аяма!»
Осы бір үш ауыз сөздің мағынасы тым тереңде жатыр. Әрбір ата-ана өсіріп отырған ұрпағының болашағына алаңдап, қандай азамат болар екен, ертең қалай күн көрер екен деп уайымдайтыны заңдылық. Бала деген жастайынан шаруаға ысылып, біліммен жан-жақты сусындап, салауатты өмір салтын ұстанса ғана бүгінгі өмірге икемді азамат болып қалыптасары хақ. Нұрғали ағамыз бен Жанат әпкеміздің отбасы бұл жағына келгенде ұтылған жоқ. Олар «Балаңды аясаң – аяма» деген нақылды ұстанып, бауырларынан өрбіген екі ұл, бір қызды жастайынан-ақ еңбекке баулып өсірді. Еркелейтін жерде еркелетті, қатал болатын жерде қатал болды. Ең бастысы ұл-қыздары дастархандағы нанның қандай еңбекпен келетінін көріп-біліп өсті. Қыздары Ғазиза Алматыда тұрады, шетелдік компанияда жұмыс жасайды. Үлкен ұлдары Ғазиз Ажар келінмен екеуі Американың Калифорния штатында, Сан-Франциско қаласында тұрады. Сол жақта қаржы сарапшысы болып жұмыс жасайды, Әмина, Ләйлә атты екі немерелері бар. Кіші ұлдары Нұржан да Америкада магистратурада оқиды.
Нұрғали Маханов та ұстаздық қызмет атқарады. Әдебиет зерттеумен айналыса жүріп, жеке кітабын шығарды. Жанат Керімбайқызы мектептегі «Қауырсын қалам» үйірмесіне басшылық жасайды. 2002 жылы өткен «Теріскей таланттары» фестивалінде жазба ақындар мүшәйрасында бас жүлдеге ие болды. Мұғалімдер арасында өтетін облыстық байқауларда бірнеше дүркін жеңімпаз атанып, түрлі марапаттаулармен марапатталды. Жанат Райымбекова дайындаған шәкірттер бүгінде республика көлемінде белгілі ақын-жазушы, әнші болып танылып үлгерді.
Ұжымда да, отбасында да, жалпы өмірде бағы жанған деген жақсы теңеу осы Жанат Керімбайқызына қарата айтылған сияқты.