«Атам маған бақтың бір ұшы әйелдің қолында болады деуші еді»

…Өкіметтің қойын бағып отырған шопан ауылы. Күн сәскеге таяғанда әне бір жалдан бері қарай екі аттылы құлай берді. Қонақ келсе екен деп отыратын  қойшының үйі лезде қазан көтеріп, абыр-сабыр болды да қалды. Осы үйдің үлкені болса керек, қараторы келген бойжеткен қыз бар шаруаны өзі жайғап жүр. Төрге жайғасқан екі үлкен кісіге ізетпен сәлемдесті де, демнің арасында дастарханды жайнатып тастады. Мал қарап жүрміз деген кісілер асықпай отырды. Қонарбайдың төрінде отырып, өткен-кеткенді әңгіме қылды. Ет желінді, сорпа ішілді. Батасын жасаған қонақтар ризалықпен аттанып кетті. Кейін тағы да бірер рет осы кісілер үйге түсті. Малға да, үйге де бірдей жарап жүрген ер мінезді бойжектен бұл кісілердің бекерден-бекер жүрмегенін ол кезде білген жоқ-ты. Олардың бірі осы өңірге аты жайылған жылқылы бай Пірімқұл еді де, қасындағысы оның жолдасы Заман ақсақал еді. 400-500-дей жекеменшік жылқысы бар Пірімқұлды айнала жұрт Піртай бай деп атап кеткен. Енді біраздан соң Піртай байдың баласы Барыс келетін болды бұл ауылға. Біресе ат жоғалттым деп соғады, біресе, бағып жүрген жылқысын бұлардың отарына қарай айдап жібереді. Иіріліп жатқан қойлар жылқы келгесін қайтадан өріп кетеді. Мұны көріп тұрған қойшы қыздың жыны келіп келетін. «Әй, мыналар да тыныштық бермейтін болды ғой», — дейтін де әкесінің атына қарғып мініп алып, бір үйір жылқыны аулаққа қуып тастайтын. Немесе, әкесі әперген мотоциклін оталдыратын да, дарылдатып отырып жылқыларды қыр асырып жіберуші еді. Сөйтсе…

Сөйтсе мұның бәрі де тегін емес екен. Піртай мен Заман ақсақалдар шынтуайтына келгенде Қонарбайдың үлкен қызы осы Қыздаргүлді сынап жүріпті. Бойжеткен қыз көңілінен әбден шыққан соң Қонарбайдың үйіне айттырып барады. Алғашында бұл ұсынысқа отағасы не айтарын білмей қалады. Сонда көпті көрген Заман ақсақал:

-Қонаржан, мына қызыңды Піртайдың баласына бер. Екеуің де мал соңында жүрген кісісіңдер. Балаларыңды да өз жолдарыңа баулып өсіріп отырсыңдар. Екеуіңнің терезелерің тең. Менің ақылымды алсаң, келген бақты қайтарма. Қызың жыламайтын жерге барады, — деп оларды көндіреді.

Осылайша атақты жылқышы мен шопанның балалары әке-шеше батасымен отау көтерген болатын. Бұл кез 1980 жыл еді. Саржановтардың отбасына келін болып түскен қараторы бойжеткен қыз Мақтаарал өңіріндегі «Жамбыл» колхозында өкіметтің жылқысын баққан күйеуінің жәрдемшісі болды.Жаңадан құрылған колхоздың оу бастағы 30 шақты ғана жылқысын 100 басқа жектізген Барыс Саржанов жылқышылықтан соң кешегі 97-жылдарға дейін  ферманың меңгерушісі болды. Өз жылқысы мен өкіметтің жылқысын қатар бағып абыройға бөленген Барыс ағамыз қазіргі күні де үйірлеп жылқы ұстап отыр.

Бастауыш сыныпта сауат ашқаннан кейін мектепке бармай малға шығып кеткен Қыздаргүл Қонарбайқызының көкірегінде бір тылсым күш қайнап жататын. Өзі оқымай қалса да қисса-дастандарды жатқа білетін өжет қыз далада оңаша қалғанда небір әуенге салып ән айтатын. Көкіректі кернеген сезімді жырменен шумақтатып, төгіп-төгіп жіберуші еді. Алайда, мұнысын ешкімге көрсете қоймайтын. Ақыры, бір отырыста арқасы қозған бұл іште бүлкілдеп жатқан өнердің тығынын ашып кеп жібергендей болды. Тойға жиылған жұрттан қаймықпастан тұрып, халық әндерін бірінен соң бірін сорғалатты. Өз жанынан шығарып жүрген шымыр шумақтарды да іркіп қалған жоқ. Қошеметтеп қол соққан халықтың ықыласына одан бетер арқалана түскендей болды. Кейін оңаша қалғанында әкесі Қонарбай аға:

-Айналайын-ай, Раушан әпкеңнің өнері, суырып салма ақындығы саған қоныпты ғой, алдыңнан жарылқасын! – деді.

Әке сөзіне қанаттанған Қыздаргүл содан бастап өзекті жарып шыққан ой-толғамдарын екшеп-қаттап, қағазға түсіріп отыруды дағдыға айналдырды. Өзі таңдап алған келініне Піртай атасының да көңілі айрықша ауды. Көз жұмар алдында бір бір қауым бала-шаға, келін-кепшіктің ішінен Қыздаргүлді шақырып алып:

-Шырағым, осы жайылып жүрген малды ұстап қал. Әлі небір замандар келеді, әжеттеріңе жарайды. Балаға айтпаймын, әдейілеп өзіңе айтып жатырмын. Өйткені, бақтың бір ұшы әйелдің қолында болады, балам. Сондықтан да қандай қиындық көрсең де малдың басын құртушы болмаңдар, — деп өсиет айтқандай болды.

Ата өсиетін бұлжытпай орындаған Барыс пен Қыздаргүл қара шаңырақта қалды. Кешегі тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын кезеңдерде жұрт қорадағы бар малын сатып, күнкөрісін күйттеп жатқанда бұлар жылқы басына тиіскен жоқ. Қарашаңырақта қалған соң сол малдың арқасында өздерінен кейінгі алты бойдақ қайнысын үйлендірді, үй қылды. Қыздарды тұрмысқа берді. Ешкімнен кем қылмастан, бәрін де өз алдарына енші беріп шығарды.  Бүгінгі таңда өздері де ата-әже болып, 9 ұл-қыз өсірді. Үлкен қызы Бейсенкүл Шымкенттегі политехникалық колледжде мұғалім болса, Ержан атты ұлының мамандығы заңгер. Айгүлі Астанада қызмет істейді. Қолдағы Нұржан баласы шаруа қожалығы бар, егіншілікпен айналысады. Туа салысымен қайнағасына берген Біржан баласы банк саласының маманы, Толғанайлары Қарағанды жаққа тұрмысқа шыққан. Гаухар атты бір қызы Шымкентте жоғары оқу орнында қызмет атқарады. Ермаханы 9 сыныпта, Еркенжелері 6 сыныпта оқиды екен. 4 қызды ұзатып, 3 келін түсірді, олардан 21 немере сүйіп отыр.

Өнер адамы алқалы топты іздеп тұратыны заңдылық. Ақындық, әншілік жолына түскеніне біраз адамдар қарсы да болды. Ондайға көне қоятын Қонекеңнің қызы бар ма екен. Қайта одан бетер ерегесіп, топқа түсіп, жарқылдап отыратын.2003 жылы жиған-тергендерін Алматыдағы баспаға апарып, өз қаржысына «Ақ жол» деп аталатын кішкене кітапша етіп бастырып шықты. Келін түсіріп, өзі де ене, әже атанғаннан кейін Қыздаргүл апамыз да ауыл арасындағы әжелер арасындағы өтетін іс-шараларға қатыса бастады. Қара өлеңнен болса да қамшы салдырмайды. Ұлттық салт-дәстүрге о бастан-ақ жетік. Текемет басып, сырмақ тоқу осы кісіден қалған десек жарасады. Қазақтың қазы-қартасын, әсібі мен басқа да дәмдерді дайындауды тұлымшағы желбіреп жүретін кезде-ақ меңгеріп алған. Осыдан біраз жыл алдын облыстық байқауға қатысты. «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» деп аталатын байқауға қатысу үшін Қыздаргүл апа бір апта бұрын қоржынға керек-жарағын толтырып, Шымкентке барып дайындалды. Байқаудың шарты негізінен, соғыс кезіндегі елде қалған аналардың ұлттық тағамды дайындап, майданға жөнелту кезін көрсету екен. Сонда бұл апамыз бас-аяғы 34 түрлі ұлттық дәмді дайындап, әділқазыларға көрсетіпті.

-Облысымыздың барлық жерінен келіп қатысқан бұл жарыс шынында қызықты өтті, — дейді Қыздаргүл Қонарбайқызы. – Ұлттық ауқат дегенге солардың басым көпшілігі табақ-табақ ет асып көрсетті. Ал, мен болсам, 34 түрлі дәм дайындадым. Қарынға салған майды, сүзбенің бетіне күйдірілген сары май құйылған құртабаны, қазы-қартамды, тары-талқанымды, майсөгімді,  жұқпа әдісімен майшелпек сияқты дайындалатын қылмынды дейтін таңсық дәмге шейін өз қолыммен пісіріп, сонда отырғандарыдың бәріне ауыз тигізіп шықтым. Мұндай құнарлы азықты өмірлерінде бірінші мәрте көріп тұрған адамдарды сол кезде байқадым. Баға беріп жатқан басшылар ою-өрнегі келіскен жалтыраған табақтағы кәдімгі қамыр ауқатқа қарамастан, менің ерінбей-жалықпай дайындаған тағамдарыма әбден риза болды. Сөйтіп, бас жүлдені маған берді…

Тыңдап отырып біздің аузымыздың да суы құрығанын несіне жасырамыз. Бұл таңсық тағамдарды өз алдына бір тақырып етіп кейін жазармыз деп ойладым. Бүгінгі ұрпақ дүкендегі дайын тұрған кенеуі жоқ азықты қорек қылады. Химикат қоспадан ада, табиғи таза да құнары мол дәмді өз бабымен дайындай білетін Қыздаргүлдей апалардың барына қуандық.

Біз сұхбаттасуға барған күні Барыс ағамыздың бір баласына бата көкпар беріп, келімді-кетімді кісілерді енді шығарып салып отырған беті екен. Иелігіндегі 200-ден астам жылқысын асылдандыру үшін жұмыс жүргізіп жатқанын да тілге тиек етті. Бақ қонған әулеттің болымды тірлігіне біз де береке тіледік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *