Сайрамдық ақсақалдар бірлікті нығайтуға шақырады
Жақында Қарабұлақ ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға ҚХА-ның аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты. Кеңес төрағасы Қабылбеков Аманкелді алғы сөз сөйледі. Мұнан кейін «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы кеңестің 2023 жылдың ІІ тоқсанында атқарған жұмыстарына баяндама жасады. ҚХА жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесінің қоғамда халықтың бірлігі мен келісімін нығайту жолында қызмет атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің ауданда игерілуі және қолдану барысы жайлы аудандық Қоғамдық кеңес және «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Есалиев Мұрат Мырзатайұлы, қоғам келісімін жетілдірудегі азаматтық ұйымдардың қоғамдағы рөлі жайлы ауданның бас имамы Арыстан Оспанов әңгімеледі.
Айта кетейік, ҚХА Ақсақалдар кеңесінің негізгі міндеті — қоғамда бірлікті нығайту, азаматтардың патриотизмі мен жауапкершілігін тәрбиелеу, медиация және жергілікті халықтың арасында келісімді қамтамасыз ету бойынша білім мен тәжірибе алмасу болып табылады. Сондықтан, Ақсақалдар кеңесі сан-алуан мәселелерді талқылап, ұйғарымға келетін, ресми орындарға ұсыныс беретін көпшілікті басқарудың биресми қоғамдық түрі деуге болады.
Ақсақалдар кеңесінің тарихы көне дәуірден басталады. Қазақ елінде тарихи рөл атқарған “Хан кеңесі”, “Билер кеңесі” де өз бастауын осы ақсақалдар кеңесінен алады. “Хан кеңесі” мен “Билер кеңесі” аса шұғыл, ел басына қатер туған шақтарда болмаса, басқа кезде келісім бойынша белгіленген мерзімде өткізіліп отырған. Ақсақалдар кеңесі ауыл-аймақтың тұрмыстық, шаруашылық қажеттеріне орай кез келген уақытта өткізіле берген. Көне деректерге назар аударсақ, ақсақалдар кеңесінің екі түрі бар екенін аңғарамыз. Бірі “Ру ақсақалдарының кеңесі” болса, екіншісі “Тайпа ақсақалдарының кеңесі”. Бұл кеңестер кезінде ру мен рудың, тайпа мен тайпаның арасындағы шаруашылық, тұрмыстық және мәдени байланыстар мен сауда қарым-қатынасы мәселелерін, жер-су меншіктерінде ұшырасып жататын даулы жағдайларды қолдарынан келгенінше бейбіт жағдайда шешуге мұрындық болған.
ҚХА жанынан құрылған “Ақсақалдар кеңесі” қазір көбіне тәртіп, тәрбие мәселелерімен шұғылданады, шаруашылық жөнінде өз ұсыныстарын айтады.