Мызғымас достық – тұрақтылық кепілі
Қазақстан Республикасының Президенті ең алғашқы достық туралы келісім шартты Ресей елімен жасасқан болатын. 1992 жылдың 25 мамыры күні достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. Бұл — тәуелсіз екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған тарихи күн.
Терең үңіліп қарасақ, бұл жүріп өткен өзіндік жолы бар тарихи мәні зор кезең. Халқымыз үшін, саяси-экономикалық даму жолына түскен еліміз үшін маңызды қадам болды. 31 жыл ішінде қарым-қатынасты арттыру саласында екі ел тарапынан ауқымды істер атқарылды. Тарихи-мәдени байланыс жағынан да, бүгінгі таңда экономикалық тұрғыдан алғанда да Қазақстан үшін Ресейдің орны бөлек. Неге десеңіз, іргелес жатқан елдер болғандықтан, экономикалық даму үрдісі де, қоғамның дамуы да бір-біріне оң ықпал етері сөзсіз. Екі ел арасындағы байланыстың дами түсуі бәрімізге де тиімді болмақ.
Бірлігі бекем елдің ғана берекесі арта түседі, мерейі үстем болады емес пе? Сол айтпақшы, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға Сайрам аудандық түрік этномәдени бірлестігі де сүбелі үлес қосып келеді. Осы мақсатта ауданға қарасты ауыл округтері мен елді мекендерде көптеген іс-шараларды ұйымдастыруда. Мұндай шаралардың тұрғындардың ауызбіршілігін арттырып, бір-бірімен тату-тәтті тіршілік кешуіне тигізер пайдасы орасан зор.
Менің тағы бір айтайын дегенім, облыс орталығы Түркісттаның түркі жұртына ортақ рухани астана ретінде дамуы түбі бір бауырлас елдердің ынтымақ-бірлігінің артуына зор ықпал етеді. Күллі түркі жұртшылығы Түркістанды өз туған жерінен бір мысқал да кем көрмейді. Себебі, жоғарыда айтып өткенгіміздей, Түркістан түркі жұртшылығының рухани мекені. Түрік халқы Түркістан облыс орталығы болмай тұрғаннан-ақ ерекше қамқорлыққа алғанын да тілге тиек ете кетейін. Қаладағы бірқатар құрылыстар, қазақ-түрік университеті дәлел бола алады.
Ламаев Рамазан Исрафилович,
Сайрам аудандық түрік этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі,
аудандық ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі.