Әулеттің сарқылмас бұлағы
10 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 34 немере мен 35 шөбере сүйіп отырған Батыр ана Үміткүл Кәдірқұлқызы 95 жасқа толды.
Еліміздің демографиялық өсіміне елеулі үлесін қосып келе жатқан алтын құрсақты аналар ауданымызда көптеп саналады. Сондай көпбалалы ананың бірі – қалада ғұмыр кешетін Үміткүл Кәдірқұлқызы анамыз. Отағасы Орынбасар Әшімовпен бірге 10 ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп, бүгінде бір әулеттің сарқылмас бұлағына, саялы бәйтерегіне айналып отырған Үміткүл әжеміз таяуда 95 жасқа толды. Көкірегі алтын сандық қазына қарияның бауырынан өсіп-өрбіген ұрпақтары аналарының торқалы тойын жасап берді. Немере-шөберелері атынан Әсел немересі әжелеріне арнап өлең айтса, Үміткүл әженің өзі осы тойда бір Айлин есімді шөбересінің тұсауын кесті. Бүгінде марқұм болып кеткен тыл ардагері Орынбасар Әшімов ағамызбен отау құрып, ғасырға жуық ғұмыр кешіп отырған Үміткүл Кәдірқұлқызының өмір жолынан азырақ сыр шерткіміз келді.
1929 жылы Сырдың бойында дүниеге келген Үміткүл Кәдірқұлқызының жастық шағы қиындыққа толы болды. Әкесі Кәдірқұл қолынан іс келетін, айнала жұртқа сөзін тыңдата алатын көзі ашық, сауатты кісі болған екен. Жұбайы Райхан 15 құрсақ көтергенімен жастай шетінеп кете берген де, солардың ішінде 3 қызға ғана жарық дүниені көру бұйырыпты. 10 жастан енді асқан шағында соғыс өрті бұрқ ете қалады да, ер-азаматтың бәрі майданға аттанады. Ел басына күн туған сол бір сәтте Кәдірқұл әкесі де әскерге алынып, сол кеткеннен оралмайды. Бұғанасы бекімей жатып тағдырдың тағы бір соққысын тартады – отағасының майданда қаза болғаны ауыр тиді ме, көп ұзамай аналары Райхан да қайтыс болады. Әп-сәтте жетімдіктің қамытын киген үш қыз әкелерінің інісі Елеу ағаларының қолында өсіпті.
Соғыс аяқталып, Үміткүл апа 16 жасқа толғанда Орынбасар Әшімовпен тұрмыс құрады. Асық ата өңіріндегі колхозда еңбек еткен Үміткүл апа мақталықта таңның атысы мен күннің батысына қарамай жұмыс істейді. Ал, отағасы Орынбасар ағамыз Қапланбектегі мал дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, бітіріп шығады. Шардарада құрылыс жұмыстары басталғанда көппен бірге Әшімовтер отбасы да жаңа мекенге қоныс аударып келеді.
Үміткүл апаның өмірге әкелген тұңғыш нәрестелері бірінен кейін бірі шетінеп қала береді. Тәжігүл, Мархаш есімді сәбилерінен айырылған соң осы баламыз аман тұрсыншы деп үшінші перзенттерінің атын ырымдап Тұрған қояды. Жастардың тілеуін құдай беріп, 1952 жылы туылған Тұрған ағамыздың өмір жасы ұзақ болады. Осыдан кейін алтын құрсақты анамыздан туған ұл-қыздар аман-есен жетіліп, мерекелі күндер басталып сала беріпті. Тұрған ағамыздан кейін өмірге келген Қалипа, Нәзипа, Ақмарал, Оразкүл, Нұрман, Тұрлан, Сара, Мұхтар, Сәбит есімді ұл-қыздардың барлығы да бүгінде өз алдарына үйлі-баранды болып кетті. Қыздар қияға қонып, ұлдар үйлі болып, Әшімовтер әулетінің көшін жалғастырып келеді.
Орынбасар ағамыз өкіметтің жұмысында болғандықтан Үміткүл апа отбасындағы тірліктің, береке мен бірліктің ұйытқысы болды. Жастайынан қиындық көріп өскендіктен болар, балаларын жұмысқа ерте бастан баулып үйретті. Нандарын адалдап тауып жеуді үйрете отырып, олардың білімді ұрпақ болып қалыптасуларына көп еңбек сіңірді. Ата-ананың өнегелі тәлім-тәрбиесінің арқасы болса керек бәрі де сабақты жақсы оқыды.
–Анамыз әкеміздің жарқылдап жүруіне жағдай жасай отырып, бізге де үлгі көрсете білді. Қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған анамыздың дастарханы жаюлы, қазаны асулы тұратын. Бізді аямай-ақ жұмысқа салатын. Біреуіміз тамаққа қарасақ, біреуіміз ауланы сыпырамыз, енді біреуіміз қорадағы малды жайғаймыз. Бірақ, сонда да сабақ оқуға айрықша көңіл бөлдік. Шардара мектебінде оқыдық, ол кезде бұл мектеп ғимараты орталық базардың қасында болатын. Менен кейінгі сіңлім Нәзипа мектепті алтын медальмен бітірді. Ол медаль аудандағы тұңғыш алтын медальдардың қатарында саналды. Одан кейінгі сіңлім Ақмарал да алтын медальға бітірді. Жалпы біздің әулеттегі 5 қызға былайғы жұртшылық қызыға қарап, «Үміткүлдің бес тотысы» деп атайтын, — дейді үлкен қыздары Қалипа әпкеміз.
Расында, бұл әулеттегі қыздардың барлығы мектепті жақсы бітіріп, жоғары оқу орнына өз күштерімен түсіп жататынына адамдар сүйсіне қараушы еді. Мектепті үздік оқыған Қалипа Орынбасарқызы Шымкент қаласындағы Қазақ химия технология институтын инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдады. Нәзипа әпкеміз Алматы Мемлекеттік медициналық инстиутынаа оқуға түсіп, ұзақ жылдан бері Шымкент қаласында педиатр дәрігер болып қызмет атқарып келеді. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универститетінің физика-математика факультетін бітірген Ақмарал Орынбасарқызы Шардара аудандық комомол комитетінде қызмет атқарды. Кез келген емтиханды кітапқа қарамай-ақ тапсырып кете беретін Оразкүл әпкеміз құрылыс саласы бойынша жоғары білім алса, Сара әпкеміз Мәскеу қаласындағы гидро-мелиоративтік институтын бітірді.
–Сара сіңілім де мектепті алтын медальға бітіріп жатқанда «бұлардың бәрі алтынға қалай бітіре береді, мүмкін емес» деп кейбір кісілердің әрекетінен медаль ала алмай қалды. Мен ол кезде Қызылордаға тұрмысқа шыққан кезім еді. Намысқа тырысқан Сара Қызылордаға келіп, жоғары оқу орнына автоматты түрде түсіп кетті. Оның қарым-қабілетін бірден байқаған институт мұғалімдері Мәскеуге жіберді. Сөйтіп Сара сіңлім Мәскеуде оқып, ата-анамыздың абыройын одан бетер асқақтатқан еді, — дейді Қалипа әпке.
Перзенттердің үлкені Тұрған аға электрик мамандығын таңдады. Алайда, көпшілік Тұрекеңді кәсіби бейнеоператор ретінде жақсы таниды. Нұрман мен Мұхтар Шымкент қаласындағы Қазақ химия технология институтын бітірсе, Тұрлан ағамыз Жетісай қаласындағы музыкалық училищені тәмамдады. Саз өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Тұрлан Әшімовті де көпке таныстырып жату артық болар. Әулеттің кенжесі Сәбит Орынбасарұлы Шардара қаласындағы кәсіптік білім беру училищесінде білім алды.
Осындай ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірген Үміткүл апаның өзі кезінде 4 кластық білім алған екен. Латын қарпімен сауат ашқан апамыз да сабақты жақсы оқып, мақтау қағазының орнына бөз матадан сыйлық алып отыратын кездерін ұмытпай айтып отырады. «Оқымаған интеллигент» деп қатарластары әзілдейтін Үміткүл апа отбасы бірлігі мен ағайын-туыстың ынтымақта болуын бірінші кезекке қойып, ұрпақтарының құлағына да соны құйып отырудан жалыққан емес.
Қызылорда облысында мұнай саласында қызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлік жасқа шығып отырған Қалипа әпкеміз тәрбиеге келгенде аналарның өте қатал болғанын айтады.
–Қыз бала жат жұрттық қой, әйтеуір түбінде бір елге кетеді. Біз де бойжетіп, тұрмыс құратын сәтімізде анамыздың алдынан өттік. Сонда ол кісі «өзің кеттің бе, онда жолың болсын, барған жеріңде судай сіңіп, тастай бататын бол» деп батасын беретін. Әлі есімде, институт бітірген соң жолдасым екеуіміз Бадамдағы кірпіш зауытында жұмыс істеп біраз жүріп қалдық. Әмірхан жұбайым Қызылорданың тумасы, бір үйдің жалғыз ұлы. Ата-енеміз жас болғандықтан институт жолдамасымен бірер жыл жұмыс істеп жүргеніміз бар еді. Бір күні анам шақырып алды да, «Бұл жүрістерің ұнамайды, қарақтарым. Ата-анаңа барыңдар, елдеріңді табыңдар. Ол да бір үйдің баласы ғой, соны ұмытпағын. Сол әулеттің ізін жалғастыратын ұрпақты сен өсіруің керек. Оның да әке-шешесі немере сүйіп, бақтты өмір сүру керек» деп біздерді жолға шығарып салған. Анамның өзі кешеге дейін тігін тігумен айналысты. Әкеміз жас кезінде дүкеннен сатып әперген аяқ машинасы әлі де сарылдап жұмыс істеп тұр. Он баланы киіндіріп, көрпе-төсегін сатып алу оңай емес қой, сондай тірліктің бәрін анам өзі атқарып, кейіннен бізге де үйретті. Қазір өзім де ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырмын. Барлығы да жоғары білімді, бір немерем Қытайда оқып жатыр. Алайда, анамыз бар болғандықтан біздер өзімізді әлі бала санаймыз. Сол кісіге бір еркелеп кетсек, керемет жасарып, бір жасап қаламыз, — дейді Қалипа Орынбасарқызы.
Тоқсан жастан асса да өзі жүріп-тұратын Үміткүл апамыздың өткен күндер туралы айтатын әңгімелері көп-ақ. Тек оны тыңдайтын құлақ, ұғатын жүрек болса болғаны.