Биыл Төлеби ауданында туризм саласындағы инвестиция көлемі 1,8 млрд.теңгеге жеткізілмек

Төлеби ауданында туризм саласында 140 нысан қызмет көрсетеді. 2023 жылы 39 697 турист келген. 2,9 млрд теңге инвестиция тартылып, 8 жоба жүзеге асып, 42 жұмыс орны ашылған. 2023 жылы іске асырылған  инвестициялық жобаларға тоқтала кетсем, Алатау ауылдық округінде жеке кәсіпкер  Еркінбек құны 100 млн теңге болатын  демалыс аймағын іске қосып, 5 жұмыс орнын ашқан. Жеке кәсіпкер Файзиева Г.  құны 800  млн.теңгені құрайтын 11 коттедж, 1 бассейн, 1 қонақ үй ашып,  6  адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алатау ауылдық округінен  ЖК Наралиев Т. қонақ үй, ресторан іске қосып,  5  жұмыс орнын ашты. Жоба құны  500 млн.теңге. Жеке кәсіпкер  Юнусов А құны  150 млн.теңге болатын қонақ үй іске қосып, 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Жеке кәсіпкер  К.Қожамжарова саумалмен сауықтыру орталығын іске қосып, 10 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтыды. Жоба құны 150 млн.теңге. Жеке кәсіпкер  «Ысқақов Қалдыбек» құны  500  млн.теңгені құрайтын демалыс орнын ашып, 6  адамды  жұмыспен қамтыды. Жеке кәсіпкер  Сақыбаев М. қонақ үй, ресторан, бассейн құрылысын жүргізіп, ел пайдалануға беріп, 5  жұмыс орнын ашты. Жоба құны – 600 млн.теңге.

2024 жылы инвестиция көлемін 1,8 млрд.тенгеге жеткізу жоспарлануда. Құны 220 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, 10 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Атап айтар болсақ, олар: Біркөлік демалыс аймағынан жеке кәсіпкер «Рысбаев» құны 120 млн теңгелік демалыс орны; Біркөлік шатқалынан ЖК «С.Сақибаев»  өз қаражаты есебінен құны 100 млн  теңге болатын қонақ үй құрылысы.

Биылғы жыл басында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы туризм саласы бойынша 2023 жылдың қорытындысын ұсынған болатын. Сол статистикалық есепке сүйенсек, Түркістан өңіріне 562,8 мың турист келген (2022 жылы – 470 мың адам). Ал, орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 5,58 млрд. теңгені құраған (2022 жылы – 5,0 млрд. теңге). Біркүндік келушілер саны – 1 миллионға жуық болған. Оның ішінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне – 676,4 мың, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне 278,9 мың адам келген. Яғни туризмнің барлық тармақтары бойынша елеулі өсім бар.

Еліміздегі туристік қызмет туралы заңға сәйкес турист – уақытша болатын елге (жерге) жиырма төрт сағаттан бір жылға дейінгі кезеңге келетін және ақылы қызметпен айналыспай, сол елде (жерде) сауықтыру, танымдық, кәсіби-іскерлік, спорттық, діни және өзге де мақсаттарда кемінде бір рет түнейтін жеке тұлға. Заңда эскурсант ұғымы айқындалған. Ол – уақытша болатын елдегі (жердегі) туристік ресурстарды танымдық мақсатта жиырма төрт сағаттан аспайтын уақытқа барып көретін жеке тұлға. Аталған ұғым жұмыс барысында біркүндік келуші немесе визитер деп аталады. Түркістан облысы бойынша біркүндік келушілер саны өңірде орналасқан қорық-музейлердің (Әзірет Сұлтан және Отырар) статистикалық деректерінен құрастырылады. Өз кезегінде қорық-музейлер статистикалық деректерін сатылған билеттер арқылы жүргізеді.

Айта кетейік, Түркістан өңірі – тарихи құндылықтар мен мәдени мұраға бай. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде туризмді дамыту жоспары қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Облыс аумағында 1780 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ, 220 орналастыру орны (қонақүйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерьлері) және 72 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Бұдан бөлек, облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. Емдік-сауықтыру, тарихи-танымдық және экологиялық туризм бағыттары да қарқынды дамуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *