Түлкібастықтар тұт егуді дамытпақ
Өңірде тұт кластерін дамытуға да көңіл бөлінуде. Облыс аумағында тұт шаруашылығын дамытып, одан жібек өндіру мақсатында Түлкібас ауданы әкімдігінің тікелей қолдауымен мұнда кемінде 10 гектар жерге тұт ағаштарын егу жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда Арыс ауылдық округіне қарасты «Нұрлан» шаруа қожалығы 5 гектар алқапқа тұт ағаштарын егуді бастап та кетті. Жапырағын жылына төрт рет жинауға болатын тұттың бұль сорты «Әндіжан Мархамат – 2017» деп аталады.
Көшет егу және оны күтіп-баптау жұмыстарының барлық талаптарға сай атқарылуы «Қазақ жібек» бірлестігінің тікелей қадағалауымен іске асуда. Бұдан бөлек, биыл Түлкібас ауданында тұт шаруашылығымен айналысуға Ақбиік, Майлыкент және Шақпақ ауылдық округінің агроқұрылымдары да қызығушылық танытып отыр.
Мәселен, Майлыкент ауылдық округіне қарасты «Сапарғали» шаруа қожалығы 7 гектар жер теліміне аталған тұт сортының көшетін осы аптаның ішінде егуді бастағалы тұр. Тұт отырғызып, жібек өндіруге ниет білдірген тұрғындарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы (жылдық үстемеақысы 2,5 пайыздан аспайтын несие) бойынша қаржылай қолдау көрсету тетіктері қарастырылған. Тұт ағашын отырғызған шаруалар алғашқы өнімін алғанша 20 айға дейін демалыс ала алады.
Жібек талшығы тұт жапырақтарымен қоректенген жібек құртынан алынады. Ал, жібек құртының негізгі азығы – тұт ағашы. Жібек өндірісі – әлемдегі ең табысты салалардың бірі. Бір гектар жерге егілген тұт ағашынан 1,5 млн. теңгеге дейін таза табыс табуға мүмкіндік бар. Ал, өнімді Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатуға болады. Өйткені, мұндай тауарға аталған елдерде сұраныс өте жоғары.
Айта кетейік, Түлкібас ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 6 бағытта жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.