Венера тігінші болып жұмысқа орналасты
Төлеби ауданының тұрғыны Утегенова Венера Онысова Мансап орталығына жұмыс іздеп келген болатын. Орталық мамандарының кеңесінен кейін “Әлеуметтік жұмыс орны” бойынша “Достар” жеке кәсіпкерлігіне тігінші болып жұмысқа орналасқан. “Достар” үлкен көлемде арнаулы жұмыс киім (спецодежда) тігетін тігін шеберханасы.
Кейіпкеріміз: «Тәжірибиесіз келсем де жұмысқа қабылдады. Олар маған бәрін үйретті және осы уақыт ішінде өз шеберлігімді шыңдап алдым. Мемлекеттік бағдарламалардың артықшылығы- жұмыс тез табылады, одан бұрын таңдау әрдайым мол», — дейді.
Жұмысқа орналасуға көмектесуін өтініп келген Венераның бетін қайтармай орталық мамандары шеберханаға жолдама берген. Осы уақыт аралығында бәрін меңгеріп, шебер бола білген. Айта кеткен жөн, жұмыс беруші, егер жұмыскер өзін жақсы жағынан көрсетсе, орын босаған кезде әлеуметтік келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатып, тұрақты қызметке ала алады.
«Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруды көздейді. Бағдарлама бойынша жұмысқа орналасу кезінде аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған тұлғаларға басымдық беріледі. Жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысының 35%-ы мемлекет есебінен төленеді. Әлеуметтік жұмыс орын – бұл, жұмыс беруші жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін Мансап орталығымен келісім-шарт негізінде, олардың жалақысын субсидиялай отырып құратын жұмыс орны. Әлеуметтік жұмыс орындарын салық және басқа әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізіп отыратын және жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер ұйымдастырады.
Әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.