Ұлағаты мол Ұлбосын әже

Осыдан оншақты жыл бұрын ауданда өткен «Әжелер байқауында» Ұлбосын апаның өнерін тамашалағанбыз. Апамыз сонда небір шешендік сөздердің тиегін ағытып, көрерменін тәнті еткен. Ал, қазіргі тікбақай келіндердің мінез-қылықтарын сахналап бергенде жұрт күлкіге қарық болған еді. 90 жастағы өнерлі апамыздың күш-қайратына, қимыл-қозғалысына әбден риза болғанбыз.

Осынау Ұлбосын Әбжаппарова әжеміз бүгінде 101 деген жасқа кетіп бара жатыр. Сүйегі асыл екен, сол баяғы қалпымен әлі күнге ширақ қимылдап, шауып жүр. Жаңа жылдан кейін отбасына арнайы барып, ғасырдан ұзақ жасаған әжемен әңгіме құрдық. Бір немересі келін түсіріп, қуанып отыр екен.

Астанада тұратын Берікжанымның басы екеу боп, қуанып жатқан жайымыз бар, шырағым. Е, Алла көрсеткеніңе шүкір, тәубе, — деген Ұлбосын әже өзінің өмір жолынан сыр шертіп кетті.

…1916 жылы Мақтаарал ауданында өмірге келіпті. Әшіралы ақсақал мен Тұрпаш апаның бесінші перзенті екен. Ұлбосын әженің ата-анасы қарапайым шаруа болған кісілер. Сол маңдағы жұрт қатарлы диқаншылықпен шұғылданыпты, азын-аулақ малына қарап тіршілік қылыпты. Алайда, 28 жылғы кәмпескелеуден кейін-ақ, ауылдың жағдайы қожырап сала берген. Бірер жылдан кейін келген ашаршылық нәубеті халықты одан бетер есеңгіретіп кетеді. Бойжетіп қалған Ұлбосын апалар көппен бірге колхоздың қара жұмысына жегіледі. Таңның атысы, күннің батысы демей, егін де егеді, канал да қазады.

Бізде жастық шақ, думан-қызық дегеннің бірі де болған жоқ. Өзімнен үлкен кетпенмен тырбыңдап мақта шабамын, одан қала берсе арық қазамыз. Төрт каналдың қазуына қатысқанымды білемін. Азаннан-кекше дейін колхоздың жұмысын істегенімізде бізге берілетіні – арпадан жасалған быламық қана. Егістің басында бір кемпір шойын қазанға су құйып шай қайнатады. Тақта-тақта шайды көрдік, бірақ ол бізге жетпейтін. Бізге талдың жапырағын салып, шай қылып беруші еді. Сол қара быламықпен буынымыз қатты. «Шіркін-ай, сары нанды тойып жеген адамда арман бар ма екен» деп  тамсанумен күнді батыратынбыз, — дейді Ұлбосын әже.

Зұлпыхар есімді жігітпен шаңырақ көтереді. Енді-енді бақытты өмір басталып келе жатқанда Ұлы Отан соғысы бұрқ ете қалды. Елдің алды боп әскерге кеткен отағасы сол кеткенен қайтып оралмады. Тіпті, сол бірінші жарынан ұрпақ та қалмапты. Әженің айтуынша өзінің әкесі де жұмысшы батальонына кетіп, содан оралмаған.

Баяғы колхоздың бейнеті – сол бейнет. Соғыстың кезінде де, одан кейін де Ұлбосын апаның өмірі колхозда кетпен шабумен өте берген. Сталин қайтыс болған күнді әлі күнге дейін ұмытпайды.

Дәл сол кезде біздер канал қазып жатқанбыз. Әр жұмысшыға екі саржыннан жер белгілеп кетеді. Соны кешке дейін қазып бітіруіміз керек. Сонда еңбекақымызға екі келі бидай береді. Күректі мықшыңдап көтеріп, топырақты лақтырып жатқанбыз. Бір кезде ауылдан бір аттылы кісі келіп, «жолдастар, көсеміміз Сталин қайтыс болыпты» деп ары қарай шауып кете берді. Басымызға жай түскендей әсер етті. Кетпен-күрегімізді жерге тастай салып, сылқ етіп отыра кеттік. Біреулер жылап жатыр, біреулер күрсініп отыр. Не керек, сол күні кешке бидайдың орнына, бір жарым келі арпа берді бізге, — дейді Ұлбосын апа.

Ұлбосын апа кейіннен Ешенхан есімді азаматпен отау құрады. 1965 жылы жаңадан құрылып жатқан Қоссейіт кеңшарына көрші ауданнан қоныс аударып келеді. Содан бері осы ауылда тіршілік етіп келе жатыр. Күріш шаруашылығымен айналысқан кеңшардың қалай өсіп-өркендегені, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай азаматтардың үлес қосқандарын жаңылмай айтып береді.

Отағасы өмірден әлдеқашан озып кеткен. Жалғыз ұлы Қамбар ағамыз кеңшарда отыз жылдан астам уақыт жұмысшылар комитетінің төрағасы болып еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Ол кісінің бақилық болғанына да біраз уақыт болып қалыпты.

-Ұзақ жасаудың сыры бар ма, апа? – деп сұрадық.

-Қайдағы сыр, балам. Құдайдың берген жасын жасап жатырмыз. Менің шешемнің шешесі, яғни, нағашы әжем марқұм осылайша 103 жасап өмірден өтіп еді. Өзі әруақ қонған кісі болды. Бақсы еді, зікір салып жұртты емдегенін талай көргенмін. Мүмкін, осы әжемнің жасын құдай маған беріп отырған шығар деймін, — дейді Ұлбосын апа.

-Шырағым, менде сауат болған жоқ. Бірақ, құйма құлақ болдым. Қысса-дастан дегендерді бір естісем жаттап алатынмын. Қазақтың бәрі әуелбастан әнші-жыршы болады ғой, өзім жанымнан құрап өлең шығарып, жиын-тойда айта беретін болдым. Тіпті, ауылдың клубында сахнаға шыққан кездерім болды, — деген Ұлбосын апа:

-Аққудың қолға алдым жұмыртқасын,

Сәлем де, достарыма ұмытпасын.

Барамын туар айдың он бесіне,

Келмеді деп көңілін суытпасын, — деп жайымен ғана шырқай жөнелді.

Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа жетік Ұлбосын әженің бүгінгі жастарға үйретері де мол. Әсіресе, жас келіндерге сәлемді дұрыс сала білудің маңызы зор дейді.

-Қазіргі келіндер қақиған күйі сәлем салған болады. Мен айтамын, «Әй, айналайын, балам, сендер сәлем салғанда кеудеңді иіп, қолыңды көкірегіңе қойып ізет көрсетіп салыңдар. Сол кезде жұрт «көп жаса» деп бата береді. Ал, сен қос қолыңды көкірек тұсыңа басып сәлем салсаң – сол ақ батаны жүрегіңе сіңдіресің» деймін. Көрдің бе, батаны осылай алу керек қой, — дейді.

Ел мен жердің амандығын Жаратқаннан тілеп отырған Ұлбосын Әбжаппарова апамыз осында мамыражай заманды орнатып беріп отырған бүгінгі мемлекет басшыларына рахмет айтады.

Ғасырдан жасы үлкен әжеден біз де бата сұрадық.

-Құдай оңдап тұрсын,

Әулие қолдап тұрсын.

Қыдыр ата қастарыңа келіп тұрсын,

Не тілесеңдер де тілектеріңді беріп тұрсын.

Дастарханымыз нанды болсын,

Отбасымыз іші толған жанды болсын,

Әумин! – деп ақ бата берген әжемізге біз де қолымызды жая бердік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *