Сайрам ауданы Көлкент ауылында әкім сайлауы өтпек
Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде Сайрам ауданы Көлкент ауыл округінде әкім сайлауы өтпек. Қазіргі таңда жергілікті сайлау комиссиясы саяси науқанға қызу дайындық жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Жақында Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қ. Мырзакелдиев сайлау науқанының барысын бақылап, дайындығын пысықтау мақсатында аталған округте іс сапарда болды. Аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қ. Мырзакелдиев учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерімен бірге сайлау барысы мен өткізудің күнтізбелік іс-шаралары аясындағы жұмыстарын нақтылады.
Сайрам аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Реметов ауылдық округте сайлауға қызу дайындықтың жүріп жатқанын, сайлаушыларға шақыру билеттері мен кандидаттардың үгіт-насихаттары жазылған парақтары үлестірілгенін айтты. Сонымен қатар, маңызды таңдау жиынының қашан, қайда өтетіндігі де, кандидаттардың тұрғындармен жиі кездесу ұйымдастырып жатқандығы да сайлаушыларға толықтай түсіндіріліп жатқанын жеткізді.
Жиын барысында сайлауда кездесетін түрлі олқылықтар (есімі шықпай қалу, бюллетенді дұрыс толтырылмай қалу, т.с.с) туралы баяндалып, сондай жағдай туындағанда қиындықтан шығу жолдары да түсіндірілді. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне бұл дүниелер толықтай түсінікті болуы үшін әрбір олқылық жағдайға қатысты көрсетілімдер көрсетілді.
Бүгінде Көлкент ауылдық округінде 9 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеуде. Бұл учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын пайдалануға жағдай туғызу маңызды. Демек, жергілікті атқарушы орган мен сайлау комиссиялары дауыс беруге арналған үй-жайлардың материалдық-техникалық жағдайын үнемі назарда ұстау жақсы нәтижеге жеткізетінін сөз соңында аумақтық сайлау комиссия мүшелері атап өтті. Облыстық аумақтық комиссия өкілі дауыс санауды жүргізу және дауыс беру нәтижелерін анықтау бағытында практикалық дағдыларды жетілдіруді тапсырды. Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, тиісінше нақты жауаптар берілді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыруға арналған сегізінші бағытында: «Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады.
Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек.
Біз талқыланып жатқан мәселелердің мән-жайын біле бермейтін, тым асыра сілтеуге бейім тұратын популистердің қоғамдағы кейбір бастамаларды іліп алып, өз мүддесіне бұрып әкететінін көріп жүрміз. Мұның демократияға еш қатысы жоқ.
Өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны өте маңызды. Бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс.
Азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Бұл талап та орындалды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы деген сөз. Қалғандары әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар. Орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтсақ, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды.
Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті. Үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес. Қазір мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көшті.
Енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Үкімет бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр мәселесіне қатысты жұмысын толық автоматтандыруы керек», — деген болатын.
Жалпы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы бастаманы алғаш рет 2020 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған Жолдауында көтерген-ді. Бұл бастама еліміздегі саяси жаңғыртудың жаңа кезеңін бастауға ықпал етті. Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу бойынша тиісті заң жобалары әзірленіп, қабылданды. Жаңарған заңдарға Президент 2021 жылғы 24 мамырда қол қойды. Сайлау заңнамасының жаңа нормалары 5 маусымнан бастап күшіне енді.
Ауыл округтері әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы 2021 жылдың 25 шілдесінде өтті. Бұл күні облыс бойынша 60 ауылдық округ әкімі сайланды. Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша жалпы 144 ауыл әкімі тікелей сайлау арқылы таңдаудан өтті. Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау бойынша заңнамаға түзетулер енгізілді. Нәтижесінде 2023 жылғы 5 қарашада аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауы пилоттық режимде өтті. Сайлауды өткізу үшін облыс мәслихаттары 4 ауданды бекітті. Олар: Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ және Шардара аудандары.