«Отбасы — алтын діңгек»
Отан – отбасынан басталады. Тәуелсіз еліміздің босағасын берік, шаңырағын биіктете түсуде бір-бір уық боп бекіп жатқан отбасылардың ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ата-дәстүр, салт-сананы ұрпақ бойына сіңірудегі еңбектері мен ізденістерін, жетістіктерін дүйім жұртқа жария ету жолында тағлымды іс-шаралар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта жыл сайын Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен отбасылар арасында байқау өтіп тұрады.
Осыдан біраз уақыт бұрын «Фараб» кітапханасында өткен дәстүрлі байқау «Отбасы — алтын діңгек» тақырыбын қамтыды. Аты айтып тұрғандай, тағылымы мен тәлімі мол байқауға 5 отбасы қатысып, 4 кезең бойынша бақтарын сынады. Жыл сайын өткізілетін байқау қорытындысында жүлде алған үлгілі отбасылар бүгінде өзінен кейінгі буынға өнеге болып келеді.
Бүгінгі әңгімеміз бәйгеде оза шауып, бас жүлдені еншілеген Жақыпбековтер отбасы туралы бомақ.
Жақыпбековтер отбасы нағыз кәсіби музыканттардан құралған өнерпаз отбасы деуге болады. Отағасы марқұм Асқар Жақыпбеков Ақбота Бердалиева екеуі сонау 1981 жылы Түркістан қаласының әкімдігінің шақыртуымен және қалалық мәдениет үйінің жанынан «ЯССЫ» фольклорлық ансамбльін құру үшін Шымкент қаласынан арнайы шақыртылады. Сол жылдан бастап екеуі шаңырақ көтерді. Түркістандағы «Яссы» фольклорлық оркестрі қысқа уақытта даңқы бүкіл республикаға мәшһүр шығармашылық ұжымға айналды. «Яссыны» құрып, кезінде шағын қалаға үлкен мәдениеттің дәнін сепкен кәсіби музыкант, талантты дрижер, марқұм Асқар Жақыпбеков туралы Ақбота апай былайша естелік айтты.
–Иә, оркестрдің негізін қалаған Асқар Жақыпбеков болатын. Ол сол кезде Шымкенттегі әл-Фараби атындағы Мәдени-ағарту институтының кафедра меңгерушісі, институт оркестрінің бас дрижері және Шымкенттегі музыка колледжінің оркестрінің дрижері еді. Асқар Жақыпбекұлы Құрманғазы атындағы Консерваторияны үздік бітіріп, институттың оркестріне жұмысқа қалған екен. Ол кезде Алматыды жұмысқа қалу екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Оркестрдің бас дрижері Шамғон Қажығалиевтің көмекшісі болып жұмыс істепті , мықты ұстаздардан тәлім алған , білікті маман болған. 1975 жылы Шымкентте Мәдениет институт ашылғанда Өзбекәлі Жәнібековтің шақыртуымен институттің іргесін қалап, керегесін бекемдеуге шақыртылған екен. Сол кезде Шымкентте «Достық» деген фольклорлық ансамбль құрған еді, сонымен қатар Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында «Мойынқұм» деген фольклорлық ансамблін құрып беріп, жолға қойған екен. Ол ансамбль де елімізге белгілі болды, кейін Португалияда өткен бір байқауға жолдама алған. Асекең ол жерде небәрі 3 ай ғана жұмыс істеп өнер ұжымының іргесі қалап берген. Осындай тәжірибесі болғандықтан шығар Асқар Жақыпбекұлын жәдігер шаһарға келіп фольклорлық-этнографиялық бағыттағы кәсіби оркестр құруды өтініп Түркістанға шақыртады.
Мен сол жылы колледжді бітіріп, Асекеңе тұрмысқа шықтым. Иә, 1981 жылы шілде айының басында Түркістан қаласы ресми басшылығы шақыртуымен оркестрді құру үшін жәдігер шаһарға екеуміз қол ұстасып бірге келдік. Оркестрді құрдық, әрі сол кездегі Түркістандағы саз мектебінде ол домбыра класында, мен қобыздан дәріс бердік, дейді.
«Түркістанға келуіміздің өзі бір хикая ғой», деп еске алады сол кездерді кейіпкеріміз Ақбота Бердалиева. «Обком хатшысы шақырып сөйлесті, бұрын жүре тыңдап келіп едім, болмады, бармасқа лаж қалмады. Ертең Түркістанға жүреміз. Әрі кетсе бір 3 айда оркестрдің жұмысын жолға қойып берсек, Алматыға кетеміз. Мені Құрманғазы оркестріне қайта шақырып жатыр. Шалғайдағы Түркістанды қайтеміз, астанаға шақырып жатқанда» деді Асекең. Сөйтіп аспаптарымызды көтеріп Түркістанға оркестрді құруға келдік. Басында қонақүйде, пәтерде, туыстарымыздың үйінде тұрдық. Бір жылдан кейін үкімет пәтер берді.Үш айға деп келіп, шәкірттеріміз бен туған перзентіндей болған «Яссыны» қимай Асекең екеуміз тұрақтап қалдық қой».
Қос кәсіби музыкант Түркістанға келіп оркестрдің жұмысын қолға алып, әрі қаладағы музыка мектебіне жұмысқа тұрады. Асқар Жақыпбеков домбырадан, Ақбота Бердалиева қобыздан дәріс береді.
«Мектеп директоры қос бірдей кәсіби музыканттарды құдай жеткізгеніне риза, қуана қарсы алды. Саз мектебінің оқушыларын түрлі облыстық, республикалық деңгейдегі конкурстарға қатыстырып, олар тек бас жүлде алып келіп жүрді сол жылдары. Ал, оркестрге келсек біріншіден аспап жоқ, екіншіден оркестрге лайықты кәсіби музыканттар жоқ еді Түркістанда. Бірақ, сол кездегі қалалық Мәдениет үйінің директоры Елтай Бимаханбетов, қалалық партком хатшысы( идеология бойынша) Лиза Қадыровна Баянқұлова, қалалық атқару комитетінің төраға орынбасары Гүлжан Әсілбаева ханымдар бізге барынша қолдау көрсетті. Лиза Қадырқызы өзі бас болып Алматыға хат жазып, Асекеңмен бірге барып аспаптарды алып берді. Бас домбыра, шертер, прима сынды сирек аспаптарды Алматыдан арнайы көлікпен алып келгенде Асекеңнің балаша қуанғаны әлі есімде.
Қысқасы, шілде құрылған оркестр желтоқсан айында Алматыда комиссияның алдында «халықтық оркестр» мәртебесін қорғап шықтық. Ол оңайлықпен келетін дүние емес-ті. Кіл ығай мен сығай, министрліктің өкілдері қарайды. Сәтті қорғап, содан 1 сағаттық концертіміз тұңғыш рет телевидениеден берілді», -дейді Ақбота апай.
«Яссы» фольклорлық оркестрі содан бастап, даңқы аспан дүрілдеп кеткен екен. 1982 жылдан Республиканың барлық облыстарын аралап шығып, Мәскеу төрінде өнер көрсеткен. Көрші республикаларға гастрөлдетіпті. Сол 80-жылдары Қырғызстанда жыл сайын Қомузшылар конкурсы деген күй сайысы өтіп тұрған. Оркестраді қонақ ретінде шақырып, музыкалық ұжым халқымыздың ғажап күйлері мен әндерінен шашу шашып, қырғыз ағайындарды тәнті етіп, құрметіне бөленіп Ыстықкөл жағасында шалқып қайтқан тұстары да бар. Оркестр 2-3 жылда кемелденіп, ірі музыкалық шығармаларды орындай бастайды. Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі, «Мұрагер», «Махамбет», «Алтын дән», деген оркестрге арналған шығармалар, Моцарттың, Бетховеннің, Доганның т.б. классикалық шығармаларын шығарады. Оркестр 1985-1989 жылдары биік кәсіби деңгейге көтерілді. Білетіндер әсіресе, 1988-1989 жылы «Яссының» репертуары толығып, биік деңгейге көтерілгені тұсы ретінде еске алады.
1985 жылы оркестр жарты Еуропаны аралап: Полша, Венгрия, Ұлыбритания, Ирландияны аралап, Куба астанасы Гаванада концерт береді. «Бұл сапарымызды ұйымдастырған сол кездегі қалалық Мәдениет үйінің директоры ақын Қасымхан Бегманов болатын.
2001 жылы наурыз айында оркестр Түркияға үлкен концерттік бағдарламамен барып, қазақ өнерін паш етті. Кейін ол кісі зейнетке шығып, науқастанып жұмыстан қол үзіп қалады. Сөйтіп, оркестр 2017-2018 жылдары біршама тоқтап қалады. Қалалық Мәдениет үйіне Лиза Шәмет басшылыққа келгесін қолдап, 2023 жылдан бастап қайта жұмыс істей бастады. Оркестрдің тізгінін бүгінде Асқар Жақыпбековтің ұлы Ерлан Жақыпбеков ұстап, жұмысын жалғастырып жатқан жайы бар. Иә, Жақыпбековтер отбасын музыканттар әулеті, кәсіби өнерпаздар отбасы деуге әбден болады. Бұл отбасында бүкіл отбасы мүшелері өнерлі жандар. Жақыпбековтер отбасында Асқар мен Ақботаның 2 перзентінен өрбіген – 13 немере, 2 шөбересі өсіп-өрбуде. Ұл-қыздары, немерелері ата жолын қуып бәрі музыкант болды.
Ұлы Ерлан Жақыпбеков, кәсіби домбырашы, Саз мектебінің ұстазы һәм Мәдениет үйіне қарасты «Яссы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің жетекшісі, келіндері Самал да музыкант.
Немерелері: Асқар Зарина Ерланқызы Кентау қаласы Саз мектебінің мұғалімі, Асқар Жасмина Ерланқызы М.Әуезов университеті Өнер факультетінің 4 курс студенті, Асқар Анель Ерланқызы.Шымкент қалалық Саз колледжінің 3 курс студенті, Балауса, Қайсар, Медина, мектеп оқушысы. Зарина әжесі Саз мектебінде Ақбота Бердалиевадан қобыз аспабы бойынша дәріс алып, көптеген өнер байқауларының жүлдегері атанды.
«Балаларым, немерелерімнен құрылған отбасылық ансамбіліміз бар. Немерелерім – Зарина қобыз, Жасмина – домбыра, Анеля – атасы секілді домбырашы болды. Олардың жасында «Еркем-ай» деп атаған едік, қазір немерелердің алды оқу бітіріп маман болды. Қазір «Мұрагер» ансамбілі болып өнер айдына шықтық. «Орнында бар оңалар» деген осы шығар.Шүкір Аллаға!