Бұл халықты тұрақты энергиямен қамтамасыз ететін жалғыз жол
Атом электр станциясын салу мәселесі кеше ғана көтерілген тақырып. Бұл біраз уақыттан бері ел ішінде талқылауда жүр. Әртүрлі пікірлер айтылып, білдірілуде. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауынша елімізде 6 қазан күні АЭС бойынша референдум өткізілетінін мәлімдеді.
«Жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, біз сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтажбыз. Сондықтан, менің ойымша, атом энергетикасының дамуына барынша назар аудару қажет. Генерацияның бұл түрі біздің экономикамыздың қарқынды дамып келе жатқан қажеттіліктерін едәуір қанағаттандыра алады. Қазіргі уақытта дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық АЭС жұмыс істейді. Біз еліміздің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері мен ерекшеліктерін ескере отырып, болашақ туралы ойлауымыз керек. Сондықтан Мен әрқашан атом электр станциясын салу мәселесі бойынша ойластырылған шешім қабылдау, қоғамда стратегиялық сипаттағы жоспарларды кеңінен талқылау қажеттілігін талап етемін», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Айта кетейік, бүгінде әлемнің 32 елінде 440 реактор жұмыс істеп тұр. Яғни, осыншама ел атом энергиясының тиімді екеніне көз жеткізген. Қазіргі таңда атом электр станциясын салуға қызығушылық танытып жатқан елдердің де қатары артып келеді. Жалпы атом энергиясын өндірудің тиімді тұсы өте көп. Айталық, біріншіден, ол тұрақты, үздіксіз энергия өндіреді. Екіншіден, ол «жасыл энергия». Яғни, АЭС жел күн энергиясы секілді ауа-райына тәуелді емес. Осы жағынан алғанда да АЭС-ті қазіргі таңда ең сенімді энергия деуге болады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі таңда қуаттылықты арттыру мақсатында кейбір елдер атом энергетикасына инвестицияларды барынша көбейтіп жатыр. Мәселен, Қытай, Ресей, Үндістан, Франция және Оңтүстік Корея сияқты алпауыт мемлекеттердің бірқатарында атом электр стансалары әлдеқашан іске қосылған. Қазір бұл елдер де АЭС-ті жаңа технология бойынша салуға көңіл бөле бастады. Осы арқылы саланы барынша жандандырып, экономикалық өрлеуге қол жеткізуді мақсат етуде. Екінші жағынан алғанда аталған мемлекеттерде ядролық энергетикаға деген сұраныс күн өткен сайын жоғарылап келеді. Ал, ол уранның бізде қоры жеткілікті деңгейде.
Әрине, ел арасында атом электр станциясының қауіпсіздігін де естен шығаруға болмайды. Осы мәселеге келгенде екіұдай пікір айтып жатқандар да баршылық. Ғалымдар мен зерттеушілер атом электр стансасының қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа технологиялар енгізіліп жатқанын алға тартуда.
Қазір жаңартылатын энергия интеграциясы күн өткен сайын дамып келеді. Тіпті, атом энергетикасы жел және күн энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздерімен біріктіріле бастады. Бұл да бізге энергия жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Әрі атмосфераға зиянды заттардың шығарылмауы жағынан да оның пайдасы көп. Атом стансалары ауаға күкірт оксидтері немесе азот оксидтері сияқты зиянды заттар таратпайды.
АЭС жоғары қуаттылыққа ие, яғни үлкен көлемде электр энергиясын тұрақты өндіреді. Қазіргі заманғы АЭС-тер жетілдірілген қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталады. Оған ғалымдар көптеген дәлелдер келтіруде. Сондықтан, мен балаларымның болашағы үшін, еліміздің ертеңі үшін АЭС салуға қолдау білдіремін.
Абылбекова Салтанат — «Мәртөбе» газетасының тілшісі