Баянның байыпты тірлігі
Отбасылық өмірдің өзі ата-әже, ұл мен келін, немере болып жалғаса береді. Отбасылық өмірдің тату-тәтті, бақытты, көпке үлгі болуы отбасындағы ынтымақтан бастау алады. Оның шырақшысы әке, шырағданы ана!
Біз білетін Баян қарындасымыз бірнеше жылдардан бері кәсіпкерлік салада қызмет атқарды. Әкесі Әділұлы Жолдас көкеміз, анасы Киікбайқызы Анархан апамыз Тәуелсіздік жылдары аудан орталығындағы «Бекұлы» базарында таңның атысынан, күннің батысына дейін еңбек етті. Аудан бюджетіне салығын төлеп, аудан жұртшылығын түрлі жеміс көшеттерімен, сан түрлі гүлдер, мәдени ағаш көшетерімен қамтамасыз етті.
Бір жолы жолымыз түсіп аудан орталығынан жалғайда орналасқан елді мекенге барғанымызда сол ауылдың Талғат есімді жігіттің есігінің алдындағы шағын бау-бақшасын аралап көрдім. Жеміс ағаштарының бірнеше түрі құйылып жеміс салыпты. Дәмдері тіл үйіреді. Әңгімеден әңгіме шығып «Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Шолаққорған ауылындағы орталық базарда тұратын Анар апамыздан сатып алып едім. Бүгінгі күні жыл сайын отбасымыз болып тосап, варенье, шырындар мен торт, пирожный сияқты түрлі дәмді тағамдарды осы жеміс түрлерінен дайындап алады. Анар апайдың өзі жоқ болса да ізін басқан ұрпақтарына шексіз ризашылығымызды білдіремін»-дейді Талғат бауырымыз.
Міне, сол апайдың ізін жалғаған қызы Баян Жолдасқызы кәсіпкерлік салада 29 жылдан бері тер төгіп келеді. Шолаққорған ауылының азаматы Сәкен інімізбен отбасылық шаңырақ құрып, жанұя түтінін түтетіп келеді. Баянның қайын атасы Жазбекұлы Мұқанбетжан көкеміз бен қайын енесі Жолшықызы Мейіркүл апамыз елге танымал, көпке үлгі, ағайын-туысқа қадірі артқан азаматтар. Жұбайы Сәкен екеуі бес ұл, бір қыз өмірге әкеліп саналы тәлім тәрбие беруде. Еркебұлан, Ерсұлтан, Ерасыл, Нұрсұлтан, Аяулым, Жанасыл атты перзенттері ауыл мен ағайынның, мектебінің мақтанышына айналған өрендер.
Таңшолпан, Бибінұр атты келіндері үй шаруасын дөңгелентіп, салтымыз бен дәстүріміздің бесігін тербетіп, Мейіркүлдей аяулы әженің тәрбиесін алып, ене мен келін, үлкен әже мен немере келін бақытты жанұя жарасымына айналып отыр.
1997 жылдан бастап Баян қарындасымыз кәсіпкерлікпен тұрақты айналысып келеді. Бүгінде аудан орталығындағы гүл, жеміс көшеттерін әзірлеп сатумен айналысады. Ерте көктемде есік алдындағы шағын бақшалықта қызанақ, қияр көшеттерін жылыжай арқылы тамырлатып, сосын жетілгендерін тұтынушыларға жеткізіп отырады. Сәкен ініміз болса жолаушыларды тасымалдаумен айналысып келеді.
Отбасында отағасы, ауыл, ақсақалы, ретінде Мұқан ағамыз бен Мейіркүл апамыз жиі-жиі демалыс орындарына барып ем қабылдап, демалып, ел көріп, жер көріп зейнеткерлік шақты зейнетімен қызықтауда.
-Әрине, ұдайыдамалмаймыз. Біз үшін отбасында, немерелеріміздің ортасында жүрудің өзі, олардың қызықшылығына ортақ болудың өзі демалыс емес пе?
Арасында мал бордақылау жұмысымен айналысамын. Шөп салу, жемін уақтылы беру, күтіп бағудың өзі керемет демалыс. Өз қолыңмен күтіп, бағып, семіртіп сойып жеген соғымның дәмін тату керемет. Еңбекпен келген нан тәтті деген сөз осындайда айтылса керек.
-Осы кәсіпкерлік салада келе жатқаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Дәлірек айтқанда 1997 жылдан бері айналысып келемін. Ата-анамда осы кәіпкерлік қызметте болды. Өзімнің енем де кәсіпкерлік салада жұмыс жасады. Арасында өмірге сәби әкелдік. Атам мен енем, жан жарым маған үнемі қолдау білдіріп отырды. Базарға шықсақ мамамыз (енем) балаларға бас көз болд,ы, Керекті заттарымды папам (атам) көлігімен қаладан болсын жеткізіп беріп тұрды. Осылайша сенікі, менікі демей, ортақ отбасымыздың үдесі, бала-шағаларды бағып, тәрбиелеу, өсіру, жеткізу болды. Барлық жұмысымызды атамыздың өзі бақылап, басқарып, басшылық жасап отырады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ауызбіршілік пен ынтымақта, береке мен бірлікте жұмыс жасаудамыз. Қазіргі таңда балық етін тазалау, қуыру, тауық етінен түрлі мәзірлер дайындап тұтынушыларға ұсынумен де қосымша айналысып жатырмыз. Қасымда қыздарым, келіндер мен балаларым көмектеседі. Бастысы аудан жұртшылығына сапалы, жылдам, таза, мәдениетті қызмет етіп, олардың адал алғысы мен кең пейілді ризашылықтарын алу,-дейді Күміс алқалы ана Баян Жолдасқызы.
Кәсіпкерлік салада жүріп, мемлекеттен несие алмай, өзінің қарым-қабілеті, күш жігері, отбасының шынайы қолдауымен жұмыс атқарып жүрген Баян қарындасымыз сияқты іскер қыздарымызға, келіншектер мен аналарымызға қашанда қолдау көрсетейік. Отандық өнімнің шығар көзі- отбасылық бизнестен бастау алатыны ақиқат.