Есепші Несіпкүл

Біздің әңгімемізге тұздық болғалы отырған кейіпкеріміз, ардақты ана, аяулы әже, мемлекеттік қызметтен зейнеткерлікке шыққан есеп саласының ардагері Керімбекова Несіпкүл Керімбекқызы апайымыз болатын. Біз білетін Несіпкүл апай  1953 жылы 8  наурызда Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Созақ ауылындағы В.И.Ленин атындағы орта мектепті бітіреді.

1975 жылдың тамыз айынан  бастап Созақ ауданы Шолаққорған ауылындағы  Созақ ауданық  су шаруашылығы мекемесінде кассир, бас есепші  болып   қызмет атқарады.

1986 жылы  Алматы қаласындағы  қазақ ауылшаруашылығы институты-  жоғарғы оқу орнында білім алып, есеп- бухгалтер мамандығы юбойынша диплом алады. Сол жылдардан бастап осы мекемеде 2005 жылға дейін 30 жыл абыроймен  жұмыс атқарады.

2005 жылдың мамыр айынан бастап Созақ ауданы әкімдігі құрылыс және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік мекемесінде есепші болып қабылданып, осы аталмыш бөлімнен абыроймен зейнет демалысына шығады.

Өмір жолында болашақ жары, жолдасы Жақсылықов Бақберген Жақсылықұлымен дәм тұзы жарасып, шаңырақ көтереді. Бақберген ағамыз 1946 жылы дүниеге келген. Созақ аудандық әскери комиссариатында бас маман қызмет атқарады. Екі ұлдары болды. Үлкен ұлы Жақсылықов Бауыржан Бақбергенұлы аудан орталығындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінде дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып қызмет атқарады.  Жанұялы. Әйелі Алтыбаева Алмагүл сол мектепте оқу ісі жөніндегі  меңгеруші, екінші ұлы Жақсылықов Талғат Бақбергенұлы әкесінің жолын қуып, Созақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің азаматтық қызметкері қызметкер болып Отан қорғау жолында қалтқысыз еңбек етіп келеді. Келіншегі болса жоғары санатты биология пәні  мұғалімі.

-Жастайымыздан еңбекқор, алғыр болып өстік. Ата- анамыз бізді солай тәрбиеледі. Біреудің ала жібін аттамауды үйретті. Содан жаман болғанымыз жоқ. Үй шаруасын жасап, әке-шешемізге көмектесіп бойжеттік. «Қызға қырық үйден тиым» демекші ата-анамыз қыздардың тәрбиесі айрықша мән берген. Ата-аналарымыз айтқан тапсырманы тез орындап тастайтынбыз. Ол кезде қазіргідей теледидар, ұялы телефон деген атымен жоқ. Көбінесе кітапханаға барып, бес-алтаудан әкеліп кітап оқитынбыз.

Оқыған кітабымыздың кейіпкеріне ұқсағымыз келетін. Тек қана оқуға қызығатынбыз. Әдеп сақтап, ибалы инабатты қалыпта жүретінбіз. Кейін сол тәрбиені өзіміздің балаларымыздың бойында қалыптасуына жұмсадық. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету- біздің басты мақсатымыз болатын. Ауыл-аймақтың көзіне тек жақсы жақтарымызбен түскіміз келетін. Менің есепшілік жолда «сол кісідей есеп саласының майталманы болсам» деп армандап, үлгі, өнеге тұтатын  аға-апаларым, олардың орнын басқан іні-сіңлілерім болды. Олар Махашов Қойшыбай ағамыз, Сопиева Мейрамкүл апай, Айдаров Тұрды ағай, Шырынбек ағай, Сағындықов Серік, Өмірәлиев Қали, Бекжігітова Гүлжан сияқты өз істерінің шеберлері, білікті мамандары болатын, -дейді Несіпкүл апай.

-Алланың берген ұлы сыйы – Ана. Ол балаларын тәрбиелеуден, оқытудан,  ауырса емдеуден, қамқорлық етуден еш шаршамайды да, жалықпайды да. Сол үшін де Құран Кәрімнің аяттары да, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері де, ислам ғұламалары да, оның ішінде қазақ халқы да ананың орнын назардан еш тыс қалдырмаған.

Қазақ халқымыз «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа», «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың», «Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды» деген сынды тәрбиелік мәнге толы мақал-мәтелдер айтып, ананың ерекше орнын анық көрсете білген. Ана деген осы, оның алдында қашан да қарыздармыз, оның алдында өз борышымызды өтей алмаспыз. Анамыз бізді дүниеге әкелді, өсірді, тәрбиеледі, оқытты, отбасын құрып үй болып кетуімізге бар күш-жігерін жұмсады. Сондықтан анамызға мәңгілік қарыздармыз,-дейді ұлы Бауыржан.

Отбасының тірегі ана! Сондықтан да анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды деп тегінен тегін айтылмаса керек. Осы ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ана бүгінде сол аптал азаматтарының қызығын көріп отыр.

–Бізді анамыз өмірге әкелді. Бауырымыз екеумізді кішкентайымыздан өсіріп, жеткізіп, мектепке апарып, өмірге қанаттандырған анамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біз отбасымызбен аяулы жан-анамызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, немере, шөберелерінің қызығын көре беру бақытын тілейміз!-дейді ұлы Талғат Бақбергенұлы.

-Апам маған және абысыныма туған анамыздай болып кетті. Бізге бар білгенін үйретіп, қабырғамыздың қатаюына маңдай терін төкті. Анамыз әрқашанда бақытты болуға лайықты,-дейді келіні Ақнұр.

-Жағдайымыз жақсы, немере-шөбереге де жеттік. Аллаға шүкір, алты немерем, бір шөберем бар. Ұлдарым мен келіндеріме дән разымын. Біздің ендігі тілейтін тілегіміз  аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын. Ағайын-туыс, бала-шаға, жан жағымыз, көрші-қолан  бәрі тегіс амандықта болсын деп тілеймін,-дейді ақ жаулықты ана.

 

Мақсат Қарғабай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *