Ханзада ана жүгерінің жана сорттарын әкеп егуде
Жақында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы М.Шойманов ауылындағы «Шәдібек» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Айта кетейік, аталмыш шаруашылық төрайымы 7 ұл-қыз өсіріп отырған «Батыр ана» Ханзада Абденбайқызы.
Ханзада Абденбайқызы 5 гектар жерге жүгері дақылын егіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Егін егу жұмыстарын балалары жүргізеді. Өнім көлемін арттыру мақсатында шет елден әкелінген «Франческо» жүгері сортын еккен шаруа алдағы уақытта гектарына 17-19 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Шөлейтті аймақтарда өсіруге төзімді жүгері сорты тәжірибе ретінде биыл алғашқы рет егілген екен.
Шаруашылықтың жұмысына оң бағасын берген аудан әкімі аталған жүгері сортын өнім нәтижесіне қарай алдағы уақытта өзге шаруаларға да ұсыну керектігін жеткізді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырды. Елімізде, облысымызда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде кәсіпкер әйелдер саны артып келеді.
Қазіргі таңда көпбалалы аналар саны бойынша Түркістан облысы бірінші орында. Жалпы, алғанда облыс көлемінде 184 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істейді. Осылардың ішіндегі 45 мыңға жуық әйел шағын және орта бизнеске басшылық жасап келеді.
Жалпы өңірімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында былтыр 376 әйел азаматқа кәсіпкерлікті қолдау бағытында кеңес берілсе, 120 қыз-келіншек оқыту курсынан өтті. Яғни, «Визажист», «СММ», «Тігін тігу», «Аспаздық», «Кондитерлік өнім өндіру» бойынша қыз-келіншектер оқыту курстарына қатысып, сертификат табысталды.
Кәсіп иелерінің берекелі бизнесін жандардыру мақсатында 12 кәсіпкерге облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Тулегенова менторлық сүйемелдеу қызметін атқарды. Перспективалы бизнес-идеяларды, жобаларды қолдау үшін іскер әйелдердің әріптестік байланысын нығайту жұмыстары өз жалғасын табады.