7 жасар баланың басына ота жасалды
Түркістан облыстық балалар ауруханасының комбустиолог-мамандары жеті жасар балаға бірегей ота жасады. Бүлдіршін ыстық майға күйіп, бас терісінің 90%-ы күйік шалған. Ол 13 сәуір күні жедел жәрдем қызметімен Арыс қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Науқасқа мамандандырылған көмек көрсету үшін Түркістан облыстық балалар ауруханасынан дәрігерлер шақыртылған. Облыс орталығынан келген білікті мамандар күйік шалған баланы санавиация желісімен Түркістан облыстық балалар ауруханасына ауыстырған болатын.
Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері науқасты отаға бір ай уақыт дайындап, антибактериалды, инфузиялық ем, күнделікті таңып-байлау емдерін жүргізген. 7 жасар баланың басына аутодермапластикалық ота жасалды. Ота кезінде комбустиологтар Шолпан Кадирова және Бақыт Абдуманов баланың сан аймағынан терісін алып, басына тері қондырды. Ота сәтті өтіп, бала үйіне шығарылды. Дәрігерлер алдағы уақытта науқасқа оңалту емі жүргізілетінін жеткізді.
Айта кетейік, ана мен бала денсаулығын қорғау біздің мемлекетіміздің, денсаулық сақтау органдарының, жұртшылықтың тікелей назарында. Яғни ана мен баланы әлеуметтік тұрғыдан қорғауда олардың денсаулығына айрықша көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекетімізде Үкімет тарапынан жасалып жатқан ізгі істер көп. Елімізде бірнеше жылдың ішінде қарқынды қадамдар жасалып, елеулі оқиғалар болып жатыр. Қазақстанда тууды көбейту үшін арнайы бағдарламалар қабылданса, артық болмайды. Қазіргі кезде елімізде 17 жасқа дейінгі балалардың саны бірнеше есеге өскенін аңғаруға болады.
Бала өмірінің маңызды кезеңдерінің бірі – балабақша, мектеп жасына толуы. Қазақстан бойынша балалардың мектепке дейінгі білім алуына арналған 10 мыңнан астам ұйым бар.