Биыл Түркістан облысында 118,9 мың жұмыс орны ашылады
Дәл қазір өңірімізде тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары қарқынды түрде жүргізілуде. Нақты айтсақ, 2024 жылы 140,2 мың тұрғынды жұмыспен қамту шараларын іске асыру қолға алынуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бекітілген «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Ал, өңірлік карта аясында 74,1 мың адамға тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.
Бүгінде өңірлік карта бойынша 45 197 жұмыс орындары ашылып, оның 15 289-ы тұрақты. Бұл ретте, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны бағдарламасы арқылы 4 345 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, Ұлттық жобалар бойынша 3671 жұмыс орындарын ашу жоспарланып, нақты 87 жоба арқылы 610 жұмыс орны ашылды.
Жалпы облыс көлемінде 43,3 мың адамды бос және жаңа жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, бүгінде 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Ал, 43,2 мың адамды уақытша жұмыс орындарына жолдау көзделіп, нақты 20,5 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарына орналасты.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларбасқармасының басшысыӘсия Темірбаеваның мәлімдеуінше, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында биылғы бірінші тоқсанда қыруар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту, кедейлік деңгейін төмендету, әлеуметтік қорғау саласы бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіліп, 7 түйінді нысаналы индикаторлық көрсеткіш ойдағыдай орындалды.
Соның ішінде жұмыспен қамту мәселесінің жөні бөлек. Бұл – өте өзекті проблема. Өңірімізде 44,8 мың адам уақытша жұмыс орындарына жіберіледі. Ал, 7,2 мың адамға кәсіпкерлік бастамалары үшін грант және шағын несие беріледі.