Отбасы құндылықтарын сақтауға арналды
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» бөлімшесінің ұйымдастырумен Сарыағаш ауданында қоғамдағы отбасы мәртебесін арттыруға және рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Берекелі шаңырақ» атты тақырыпта семинар-тренинг өтті.
Іс шараның жалпы мақсаты — отбасы құндылықтарын ажырата алу және сақтауға тәрбиелеу. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру. Жанұядағы ата-ана және бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Ата-анаға деген бала махаббатын ояту. Отбасы мүшелері арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, үлкенді сыйлауға, сыпайы, ілтипатты болуға тәрбиелеу. Сондай-ақ, отбасындағы қаржылық сауаттылық арттыру.
Кездесуге «Baglan-group» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрбанов Әбілқайыр Жүсіпбекұлы, Педагогика ғылымдарының магистр, практик-психолог Тұрсынбаева Айсұлу Полатқызы, «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімі психологі Өміртаева Жансая Ержанқызы және жас отбасылар қатысты.
Кездесуге қатысқан жас отбасылар, ата-ана мен бала және әйелі мен күйеуінің қарым-қатынасын қалай жақсартуға, сонымен қатар, қазір таңдағы отбасылық бюджетті басқару туралы спикерлердің кеңесін тыңдап, тақырып төңірегінде толғандырған сұрақтарын қойып, арнайы мамандар қойылған сауалдарға жауап берді.
Айта кетейік, бүгінде өңірдегі көп балалы отбасылар саны 185 690-ға жеткен. Яғни еліміздегі көп балалы отбасылардың әрбір төртіншісі Түркістан облысында тұрады деген сөз. Сондықтан әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың табысын арттыру арқылы кедейлікті төмендету жұмыстары биыл да тұрақты түрде жалғасып келеді. Сәйкесінше биыл өңірдегі кедейлік деңгейін 5,5 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Осы орайда биыл 116,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек беру үшін бюджеттен 9,6 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар, кедейлік деңгейін төмендету жөнінде аудан, қала әкімдерімен меморандумдар түзіліп, АӘК берудің тоқсандық жоспары бекітілген. Бұл тұрғыда 7 ай ішінде 14 160 отбасы немесе 84 860 адамға АӘК тағайындалып, көмекке мұқтаждар саны 19 563 адамға кеміген. Қазіргі уақытта аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 4 пайызын құрап отыр. Айта кетсек, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жағдайы төмен азаматтардың саны 61 224 адамға немесе 41,9 пайызға азайыпты.