Кентауда 14,5 шақырым магистральдық жылу құбыры жаңартылуда

Кентау қаласында магистральды жылу жүйесінің жалпы ұзындығы 38,2 шақырымды құрайды. Оның ішінде 23,6 шақырымы жарамды болса, 14,5 шақырымы тозығы жеткен жылу құбырлары саналады. Осыған байланысты қаладағы жылу желілерінің сенімділігін арттыру мақсатында магистральды жылу құбырларын қайта құру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Аталған мақсатта «14,5 шақырым магистральдық жылу құбырын қайта құру» нысаны қолға алынды.

Жобаға сәйкес 14,5 шақырым магистральды жылу құбырын қайта құру қарастырылған. Өндірістік кестеге сәйкес құбырлардың диаметрі 630 мм, ал бір учаскенің ұзындығы 950 метрді құрайды.

Бүгінгі таңда 1 шақырым магистральды жылу құбыры (диаметрі 630 мм) қайта құру кезеңінен өткізілді. Бұл жұмыстар Кентау – Хантағы тас жолы бойындағы магистральды жылу құбырында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, мердігер тарапынан диаметрі 270 мм, ұзындығы 950 метр болатын жылу құбырлары да ауыстырылды. Атап айтқанда, Қонаев көшесі бойында 750 метр, ал «Армантай» балабақшасы аумағында 200 метр құбыр жаңартылды.

Айта кетейік, Кентау қаласында ішкі орам жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 130,8 шақырымды құрайды. Оның ішінде 81 шақырым жылу құбырын қайта құру қажеттілігі анықталып, бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізу үшін 3 кезеңге бөлінген жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Аталған жұмыстардың бірінші кезеңі аясында «Түркістан облысы Кентау қаласындағы ішкі орам жылу жүйелерін қайта құру» жұмыс жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Мердігер мекеме – «Сақ-Құрылыс» ЖШС-і.

Жобаға сәйкес 22,2 шақырым, яғни 60 учаске бойынша ішкі орам жылу жүйесін қайта құру жоспарланған-ды. Өндірістік кестеге сәйкес 4,2 шақырым жылу желісі қамтылып, нақты орындалған монтаж жұмыстарының көлемі 6 044 метрді құрады.

Екінші кезең бойынша «Түркістан облысы Кентау қаласындағы ішкі орам жылу жүйелерін қайта құру (ІІ-кезең)» жұмыс жобасы аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл кезеңде мердігер мекеме ретінде «BF-Group kz» ЖШС-і анықталып, техникалық қадағалауды «Фараб құрылыс» ЖШС атқарды. Жобаның жалпы құны – 1,55 млн теңге. Өткен жылға 1,49 млн теңге қаржы қаралды. Жобаға сәйкес 44,2 шақырымды құрайтын 53 учаске бойынша жылу жүйелерін қайта құру жоспарланып, жалпы демонтаж және монтаж жұмыстары 35 018 метр көлемінде орындалды.

Ал, үшінші кезең бойынша «Түркістан облысы Кентау қаласындағы ішкі орам жылу жүйелерін қайта құру (ІІІ-кезең)» жобасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазіргі таңда жоба бюджеттік өтінімге ұсынылды. Жобаның жалпы құны 432,331 млн теңгені құрайды. Қаралған қаржы көлемі – 500,0 мың теңге. Құрылыс жұмыстарын жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бастау жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Кентау қаласында газ турбиналы электр станциясын салу арқылы Кентау ЖЭО-5 кеңейту» жобасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде маңызды шешім қабылданды. Аталған жобаға қатысты төртжақты келісім 2025 жылғы 24 желтоқсанда №1 келісімшартпен бекітілді. «ККС» компаниясы табиғи газ арқылы жұмыс істейтін газ турбиналық электр станциясын салу жобасын ұсынды. Жоба аясында электр қуаты 248 МВт, ал жылу қуаты 160 Гкал/сағ болатын станция салу арқылы қолданыстағы Кентау ЖЭО-ны кеңейту көзделіп отыр. Аталған жобаны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жеке келісім тетігі арқылы іске асыру ұсынылған. Жобаның болжамды құны шамамен 170 млрд теңгені құрайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *