Түркістан облысында 70 мың бала жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады
Жақында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірдегі бірқатар жазғы демалыс орнын аралап көрді. Алдымен Түлкібас ауданы, Машат шатқалында орналасқан «Самал» жазғы сауықтыру лагеріне барды. Мұнда облыстағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы алдағы аптада өз жұмысын бастайды. Қазіргі таңда лагерь алғашқы 150 баланы қабылдауға дайын.
Жұмыс сапары әрі қарай Түлкібас ауданы, Машат шатқалында орналасқан «Отырар» жазғы сауықтыру лагерінде жалғасты. Аталған лагерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаржы қаралған. Бөлінген қаржыға шатыр ауыстыру, ауыс су жүйесін жөндеу және әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ кереуеттер мен төсек орындары жаңартылды. Биыл лагерьге 8 ауысымда 1200 оқушы демалады деп жоспарлануда. Бірінші кезекте жетім, жартылай жетім, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасының балалары жіберілетін болады. Балаларға 23 қызметкер қызмет көрсетеді.
Бейсенбай Тәжібаев лагерь басшыларына балалар қауіпсіздігін сақтау, сапалы қызмет көрсету жөнінде тапсырма берді. Жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.
Өңірде жалпы 70 мың бала жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады деп жоспарланған. Оның 50 мыңы бюджет есебінен болса, 20 мыңы ата-ана есебінен жіберіледі. Алғашқы онкүндікте жоғарыда аталған лагерлерде 2464 бала 1 ауысымға қабылданып, сауықтырылуда. Жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Балалар әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін демалса, қалған оқушылар ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста жалпы 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.