Перизат Абдыбекова әк зауытын қайта құрылымдауды мақсат етуде
«Түлкібас» бастауыш партия ұйымында 325 партия мүшесі бар. Аталған БПҰ-на Перизат Абдыбекова төрайымдық етеді. Әрі Перизат Абдыбекова «Түлкібас әк зауыты» ЖШС-нің директоры. Ол бүгінде өндіріс орнының жұмысын жандандырып отыр.
Қуаттылығы жылына 24 мың тоннаны құрайтын әк зауытында бүгінде 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Тарихы бір ғасырға жуықтаған зауыттан шыққан әк кезінде Түркісібтегі құрылыс алаңдарына пайдаланылған екен.
Қазіргі таңда аталмыш өндіріс орнында әктің бірнеше түрі және қиыршық тас өндіріледі. Осыдан екі жыл бұрын 43 млн. теңгеге жаңадан әк сөндіру құрылғысы қойылып, әк сөндіру жұмысы іске қосылған. Перизат Абдыбекова алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар аясында зауытты қайта құрылымдауды мақсат етіп отырғандарын жеткізді. Оның жоба жоспары жасалынуда. Егер осынау жоба жүзеге асса, тағы да 50 адам қосымша жұмысқа орналасады деп күтілуде. Нәтижиесінде зауытта жұмыс жасап жатқан 100 жұмыс орны сақталып, қосымша жаңадан 50 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қазіргі таңда зауыт өнімдері еліміздің барлық аймағына және көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталуда.
— Біз зауытта өндірілген өнімді еліміздің барлық аймағына жеткіземіз. Сұраныс жаман емес. Сонымен қатар, Қырғызстанға да экспорттаудамыз. Соңғы уақытта Өзбекстаннан да тапсырыс берушілер қатары артып келеді. Шетелдіктерге жаңа технологиямен өндірілген, бірінші сұрыптағы әк керек. Сондықтан біз осындай талаптардан шығатын өнім шығаруға әрекет етудеміз, — дейді «Түлкібас әк зауыты» ЖШС-нің бас директоры Перизат Әбдібекова.
Айта кетейік, «Түлкібас әк зауыты» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 24,0 мың тоннаны құрайды.