Қарлығаштың жұмыртқа латогын шығаратын цехы бар
Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі Құркелес елді мекенінің тұрғыны Лайбекова Қарлығаш “Ауыл аманаты” жобасы аясында 8,6 млн теңге несие алып, жұмыртқа латогын шығаруға құрал жабдықтар сатып алған. Күніне 35-36 мың дана жұмыртқа латогын шығарады екен. Қазіргі таңда кәсіпкер жалпы 16 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінгі күні шығарылған өнімге сұраныс жоғары.
Айта кетейік, еліміздегі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді тек қаржылай қолдап қана қоймай, түрлі бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беруде де көмек қолын созып келеді. Мысалы, «Кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету» жүйесі арқылы менеджер-кеңесшілер бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізу, статистикалық есептілікті жасау, заң мәселелері және конкурстық рәсімдер, қаржыландыру және мемлекеттік қолдау, бизнес-жоспарды әзірлеу бағыттары бойынша кеңес береді. Бұл тұрғыда былтыр 1241 кәсіпкерге 1300 қызмет көрсетілген. Бұдан бөлек, палата «Мен кәсіпкер» құралының екі бағыты бойынша қызмет көрсетеді. Оның бірі – «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығы. Бұл орталық өткен жылы 376 кәсіпкерге 594 қызмет көрсетіп, 120 қыз-келіншек оқыту курстарынан өткен.
Ал, екінші бағыты – «Кәсіпке бағыт» жобасы. Бұл тұрғыда әр өңірдің бейімделген кәсібіне сәйкес, етті бағыттағы, сүтті бағыттағы ірі қара малды өсіру, жылыжай кешені, балық және бау-бақша шаруашылығы салалары бойынша кәсіби оқыту іс-шаралары ұйымдастырылады. Сәйкесінше, қазіргі уақытқа дейін ірі қара малдың сүтті бағыты, ірі қара малдың етті бағыты және балық шаруашылығы бойынша 45 кәсіпкер өз біліктіліктерін арттырған. Міне, осылайша өңірдегі кәсіпкерлік саласында да біршама жұмыстар атқарылған.