Президент тапсырмасы: Қосағашта келешекке бастар жаңа мектеп ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясында ел болашағының негізі сапалы білімде екенін айта келе:
«Тағы бір маңызды міндет – қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіру. Соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты – осы», – деп атап көрсеткен болатын.
Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Айталық, Төлеби ауданына қарасты Қосағаш елді мекенінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген 300 орындық жаңа мектептің пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындары үшін ғана емес, жалпы ауданның білім саласы үшін маңызды әрі қуанышты оқиға болды.
Жаңа білім ордасының салтанатты ашылу рәсіміне Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров қатысып, жиналған қауымды заманауи мектептің ашылуымен құттықтады. Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы өз сөзінде бұл мектеп ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. «Жаңа мектеп жас ұрпақтың сапалы білім алып, заман талабына сай дамуына жағдай жасайды. Білім ордасы ел болашағы – саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуге қызмет етеді деп сенемін», – деді ол.
Қосағаш елді мекенінде ашылған «Келешек мектебі» білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған заманауи үлгідегі оқу орны болып табылады. Мектеп ғимаратында кең әрі жарық сыныптар, пәндік және зертханалық кабинеттер, интерактивті тақталармен жабдықталған оқу бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар, робототехника және IT сыныптары, компьютерлік кабинеттер оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Үйірме бөлмелері, жайлы кітапхана мен оқу залдары оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.
Оқушылардың қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Мектеп ғимараты бейнебақылау жүйелерімен, өртке қарсы заманауи қауіпсіздік құралдарымен толық жабдықталған. Инклюзивті білім беру талаптарына сай пандустар мен арнайы санитарлық тораптар орнатылып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да қолайлы орта жасалған. Бұдан бөлек, заманауи спорт залы, ашық спорт алаңдары мен кең асхана оқушылар игілігіне берілді.
Аталған білім нысанының құрылысын «Дос и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде сапалы аяқталып, мектеп пайдалануға берілді. Білім ошағы орналасқан жалпы жер аумағы 1,97 гектарды құрайды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Төлеби ауданында мұндай игі бастамалар жалғасын табуда. Атап айтқанда, Көксәйек елді мекенінде 600 орындық, Киелітас елді мекенінде 900 орындық жаңа мектептер ел игілігіне тапсырылды. Бұл нысандар ауылдық жерлердегі білім беру сапасын арттыруға, оқушыларға тең мүмкіндік жасауға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.
«Келешек мектептері» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобалары ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жоюға, заманауи талаптарға сай білім беру ортасын қалыптастыруға жол ашуда. Осындай жаңа білім ошақтары арқылы ауыл балаларының әлеуеті артып, ел болашағы саналатын жас ұрпақтың сапалы білім алуына берік негіз қалануда.
