Кентауда тұрғындарды газбен қамту деңгейі 94 пайызға жетті
Бүгінде өңірдегі халықты табиғи газбен қамту жұмыстары соңғы жылдары қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі іске асырудың нәтижесінде облыс аумағында жаңа газ құбырлары тартылып, елді мекендерге «көгілдір отын» жеткізілуде. Осы мақсатта өткен жылы 87 нысанның құрылысы қолға алынып, жыл соңына дейін 70 мың тұрғыны бар 41 елдімекен табиғи газға қосылды. Соның нәтижесінде өңірде газдандырылған елдімекендер саны 606-ға жетіп, жалпы газдандыру деңгейі 75,1 пайызды құрады. Ал 1,9 миллион тұрғын табиғи газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 88,9 пайызға дейін өсті.
Бүгінде осы ауқымды бастаманың бір бөлігі ретінде Кентау қаласы мен оған қарасты елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жоба тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар, өңірдің өндірістік және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық қадам болып отыр.
Айталық, қазіргі таңда Кентау қаласында табиғи газ жүйесіне қосылуы тиіс 18 062 абоненттің 16 954-і, яғни 94 пайызы газбен қамтылды. Бұл көрсеткіш қала бойынша газдандыру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталғанын көрсетеді. Одан бөлек, «Түркістан облысы Кентау қаласын жылумен қамтамасыз ету үшін жеткізуші газ құбырының құрылысы» жобасы толық жүзеге асырылды. Мердігер мекеме – «АС-Строй» ЖШС-і. Жобаның жалпы құны – 1,55 млрд теңге. Ал, газ құбырының ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталған. Аталған жоба аясында Хантағы ауылы, Арнайы экономикалық аймақ, Трансформатор зауыты және Индустриалды аймақ табиғи газға қосылып, өндірістік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік туды.
Тарқатыңқырап айтар болсақ, Хантағы ауылында ішкі орам газ жүйесінің құрылысы 2019 жылы жүргізілген болатын. Бүгінде ауыл толықтай табиғи газ жүйесіне қосылып, тұрғындар көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Ал, Байылдыр ауылында орталықтандырылған газ жүйесіне қосылатын 361 абонент бар. Оның ішінде қазіргі таңда 200 жуық абонент газға қосылған. Ауылда «Байылдыр ауылындағы ішкі орам газ құбырының құрылысы (Түзету)» жобасы жүзеге асырылды. Мердігер мекеме – «Транзит Жол құрылыс» ЖШС-і.
Қарнақ ауылында газдандыру жұмыстары ауқымды әрі көпжылдық жоба ретінде жүргізілуде. Ішкі орам газ құбырының жалпы ұзындығы 139 шақырым, оның ішінде 108 шақырымы жер астымен, 31 шақырымы жер үстімен жүргізіледі. Қазіргі таңда 37,5 шақырым құрылыс-монтаждау жұмыстары орындалған.
Құсшы-ата елді мекенінде орталықтандырылған газ жүйесіне қосылатын 341 абонент бар. Жоба аясында 217 дана шкафты газ реттегіш пункт (ГРПШ) орнату жоспарланған. Газ тұтыну көлемі – 1080 м³/сағ. Жеткізуші газ құбырының ПГБ-ға дейінгі арақашықтығы 10,45 шақырым, ал орташа қысымды болат және полиэтилен газ құбырларының жалпы ұзындығы 18 160 метрді құрайды. Жобаның сметалық құны – 614,3 млн теңге. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Әділбек Құрылыс Жоба» ЖШС-і құрылысқа қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Ащысай ауылында орталықтандырылған газ жүйесіне қосылатын 336 тұрғын үй бар, халық саны – 2176 адам. Газ тұтыну көлемі 3309,52 м³/сағ деп жоспарланған. Жоғары қысымды газға қосылу пункті Ойық елді мекенінен жүргізіледі. Магистралды газ құбырының ұзындығы – 19 шақырым. Қазіргі таңда Ащысай ауылын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғаннан кейін нақты сметалық құн анықталып, қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары қолға алынатын болады.
