Кентауда туризм экономиканың маңызды бағытына айналуда

Былтыр Кентау қаласында туризм саласы тұрақты өсім көрсетіп, өңір экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналды. Жыл қорытындысы бойынша қалаға 7 261 турист келген. Оның 7 230-ы ішкі туристер болса, 31-і шетелдік қонақтар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110,3 пайызға артқан. 2024 жылы қалаға 6 581 турист келген болатын. Туристер санының өсуі Кентаудың тарихи-мәдени және табиғи нысандарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды.

Туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 693,5 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш қонақ үйлер, демалыс аймақтары, экскурсиялық қызметтер мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы жандана түскенін білдіреді. Туризмнің дамуы шағын және орта бизнеске де серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.

Қала аумағында туристер қызығушылық танытатын бірқатар бірегей нысандар бар. Атап айтқанда, Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы – сирек кездесетін флорасы мен фаунасы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Сонымен қатар, Кентау қалалық музейі өңірдің тарихы мен мәдениетін насихаттайтын маңызды орталық саналады. Қарнақ ауылындағы Шаммат Ишан мешіті – тарихи-рухани ескерткіштердің бірі. Ал, 1000 жылдық тарихы бар Тұт ағашы табиғи-тарихи мұра ретінде келушілердің ерекше қызығушылығын тудырады.

Бүгінгі таңда қала аумағында 7 орналастыру орны тіркелген. Олардың қатарында «Асыл» қонақ үйі, «Sultan Palace» қонақ үйі, «Rose Kentau» қонақ үйі, ЖК «А.Сатбеков», ЖК «Г.Қуанышбай», «Үміт» хостелі және «Үркер» сауықтыру лагері бар. Бұл нысандар туристерге қызмет көрсетіп, қаладағы қонақжайлылық инфрақұрылымының негізін қалыптастырып отыр.

Ағымдағы жылы туризм бағытында 4 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Қала аумағында екі бірдей қонақ үй кешенінің құрылысы көзделсе, Хантағы ауылында жеңіл конструкциялы «Khantau» глэмпинг демалыс аймағын салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар туристік инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, ЖК Анетов 50 бөлмелі қонақ үй кешенінің құрылысын жүргізуде. Жобаның құны 300 млн теңгені құрайды, нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылады. «Al aqarat» ЖШС-і 60 бөлмелі, 3 жұлдызды қонақ үй құрылысын қолға алған. Құны 5 млрд теңге болатын бұл жоба 100 адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар, «BNK GROUP» ЖШС-і 15 модульден тұратын демалыс аймағын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 400 млн теңге, 15 жұмыс орны ашылады.

Туристік инфрақұрылымды дамытуда маңызды жобалардың бірі – Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы аумағында бой көтеретін «Визит орталығы». «PANA ASIA» ЖШС-і жүзеге асырып жатқан бұл жобаның құны 150 млн теңгені құрайды. Орталық іске қосылған кезде 10 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. «Визит орталығы» туристерге сапалы ақпараттық және сервистік қызмет көрсетіп, қорық аумағындағы туризмді жүйелі дамытуға жол ашады.

Қорыта айтқанда, Кентау қаласында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Туристер санының артуы, қызмет көрсету көлемінің өсуі және жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуы өңірдің туристік тартымдылығының артып отырғанын көрсетеді. Алдағы уақытта іске асырылатын жобалар Кентауды табиғи, тарихи және экологиялық туризм орталығы ретінде одан әрі танытуға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *