Сайрам ауданында үш ауыл тұрғындары табиғи газға қол жеткізеді
Сайрам ауданы тұрғындарын табиғи газбен қамту бойынша 2023 жылы Ақсуабад, Шапырашты мен Береке елді мекендеріне табиғи газ берілді. Нәтижесінде, табиғи газбен 42 елді мекеннің 37 елді мекен қамтамасыз етіліп, 2023 жыл қорытындысымен газбен қамту көрсеткіші 88%-ға жетті. Сонымен қатар, Ақарыс, Оймауыт елді мекендерінің газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары былтырғы жылы аяқталды, биыл ауыл тұрғындарға табиғи газға қосылады. Қазіргі таңда табиғи газбен қамтылмаған 3 елді мекеннің (Құтарыс, Қызылжар, Көлкент) газ жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда Түркістан облысында тұрғындарды инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына басымдық берілген. Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстарын жүргізуге негіз болатын шарттардың бар екенін айтады. Мәселен, газ нысанын салар алдында газ тарату стансасының қажетті қуаттылығын анықтау, оған қосылатын елді мекендердің, әлеуметтік және өндірістік нысандардың перспективалық өсімін ескере отырып, қажеттілігін есептеу және өзге де түйткілдер зерттеледі.
Айта кетейік, өңірімізде 12 мың шақырымға жуық табиғи газ жүйесі бар. Биыл табиғи газ саласында 237 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Жалпы облыста инфрақұрылым саласында 569 жоба іске асырылады делінген.