Ісмер келіншек кәсібін ұлғайтуды армандайды

Өңірімізде мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатары күн санап көбейіп келеді. Солардың бірі – кентаулық Динара Есіркепова. Ол тігіншілікпен айналысады. Түрлі оюлы, сәнді сәукелелер, тойбастарға арналған бұйымдар, заманауи көрпе-жастықтар тігіп сатады.

Динара Жанғалиқызы 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысып, жеңімпаз атанған. Жаңа бизнес идеясын іске асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз 1 млн. 380 мың теңге несие алып, қажетті құралдар мен тігін машинасын сатып алған екен.

– Негізгі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда, жаныма жақын сала осы тігіншілік болғандықтан, арнайы білім алып, осы кәсіпті ұлғайтуды қолға алдым. Қазақта «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген әдемі мақал бар. Расында да, әрбір қыз-келіншек іске икемді болса, қаржыдан қысылмайтын болады, – дейді кәсіпкер келіншек.

Ісмер келіншек отбасыда үлгілі келін, 4 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. Алдағы уақытта ісмер бикеш заманауи тәсілдерді қолдана отырып, білікті де білімді көмекшілерді көбейтіп, өнім көлемін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары аймақ.

Бүгінгі таңда өңірімізде 400 мыңнан аса отбасы бар.  Көпбалалы батыр аналардың басым бөлігі Түркістан облысында тұрады. Сондықтан ана мен бала құқығын қорғау, ардақты аналардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – үлкен міндет.

Қазіргі таңда облыста 183 мыңнан аса көпбалалы ана бар.  Оның ішінде 17 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. Өңірімізде әйелдер қауымы барлық салаларда жемісті еңбектер көрсетуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *