Отбасы құндылықтарын сақтау ортақ іс
Отбасындаңы ұлттық құндылықтарымызды біртіндеп жоғалту талай шаңырақты шайқалтып, ана мен бала өміріне қауіп төндіріп, бұрын көрмеген зорлық-зомбылыққа куә бола бастадық. Оған қарсы мемлекет және қоғам тарапынан күрес жүргізіліп жатыр. Соның бірі – Түркістан облысы «Көмек» орталығында озбырлықпен күресуге, оның болдырмау үшін алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
2017 жылы Шымкент қаласында дағдарысқа қарсы «Көмек» қоғамдық бірлестігі ашылған болатын. Кейін Түркістан облысы болып қайта құрылуына байланысты киелі қаламызда да бұл жұмыс лайықты жалғасын тапты. Қазір Түркістан қаласында «Көмек» бірлестігінің үш бірдей орталығы тұрақты жұмыс істейді. Облыс орталығы мен Шымкент қаласында ғана емес аудандарда да осындай мекемелер бар.
Сала мамандарының айтуынынша, отбасында зорлық-зомбылық көрген жандар баршылық. Оларға түрлі мамандақ иелері кеңес беріп, көмек көрсетеді. Орталықта педагогтер, психологтар, заңгерлер, дәрігерлер сияқты мамандар бар. Оған қоса полиция, сот, прокуратура сияқты құқық қорғау орындарымен бірлесіп жұмыс істейміз, бұл бәріміздің ортақ ісіміз.
Негізінен, көмекке мұқтаж жандар ауылдарда көбірек кездеседі екен. Оның басты себебі адамдардың әлеуметтік жағдайы. Біріншіден жұмысы жоқтық, соған байланысты отбасындағы материалдық жетіспеушілік үйдегі кикілжіңдерге, соңы ажырасуға алып келеді. Тіпті, бес-алты баласы бар аналар да орталықтан көмек сұрап келсе, оларға медициналық, психологиялық көмек көрсетіледі. Демеушілер арқылы жұмысқа орналасуларына, пәтерлі болуына барынша жағдай жасалуда.
Отбасы құндылықтарын сақтау, әулет тыныштығын күзету бұл әрине ең алдымен үлкен кісілерге де байланысты. Бұл біздің ұлттық құндылығымыз, қазаққа тән ерекшелігіміз болатын.