Жыл сайын 40 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік табылады
Елімізде жыл сайын 13 мыңға жуық адам қатерлі ісік ауруынан көз жұмады. Жылына 40 мыңнан астам тұрғыннан онкологиялық дерт анықталады. Оның 5 мыңы — сүт безі, 4 мыңға жуығы — өкпе рагы. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Best of ASCO Kazakhstan-2023 онкологтар саммитінде айтылды.
Саммитке 7 елден мамандар келді.
Халықаралық және отандық сарапшылар онкологиялық ауруды емдеу диагностикасының жаңа тәсілдерін талқылады.
Сондай-ақ, науқастардың өмірін ұзартуға септігін тигізетін медициналық препараттарды таныстырды.
«Үш ай сайын жаңа дәрі-дәрмек шығып жатыр. Себебі, фармакология жағынан көптеген иммунмонкологиялық дәрілер шықты. Таргеттік препараттар, соларды емдеу үдерісіне қосу үшін осындай үлкен конгрестер қажет. Екі күн бойы бізге сүт безі рагы және өкпе рагы бойынша көптеген заманауи ақпараттар беріледі. Сол жаңашылдықты өңірдегі әріптестеріміз емдік процестерге енгізуі керек»,- дейді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ басшысының орынбасары Бақытжан Оңғарбаев.
Айтуынша, соңғы уақытта аталған ауру жас талғамай барады.
«Бұрын егде жастағы адамдар шалдықса, қазір 45-50 жастағыларда жиі кездеседі»,-деді ол.