Ордабасыда Президент Жолдауының басымдықтары талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жаңа Жолдауын жариялап, ел дамуына тың серпін беретін бастамалар ұсынды. Президент өз сөзінде экономиканы әртараптандыру, аграрлық саланы қолдау, шағын және орта бизнесті өркендету, білім мен ғылымды жетілдіру және ең бастысы – цифрлық трансформацияны жеделдету арқылы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға нақты бағыттар көрсетті.
Елдің ертеңін айқындайтын осы тарихи құжатты кеңінен түсіндіру, оның негізгі тұжырымдарын әрбір азаматтың санасына жеткізу мақсатында аудан көлемінде жүйелі ақпараттық-насихаттық жұмыстар басталды. Президент Жолдауында айтылғандай, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізу тек ірі қалаларда емес, ауыл-аймақтарда да өмір сапасын жақсартып, мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдетуі тиіс. Бұл міндеттердің табысты жүзеге асуы – жергілікті деңгейдегі үйлесімді жұмыспен тікелей байланысты.
Осыған орай, аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен кең көлемді жиын өтті. Жиынды бөлім басшысы Әділ Ысхах ашып, Жолдаудың мән-маңызына тоқталды. Ол Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндеттер өңір экономикасын дамытуға, әлеуметтік саланы жетілдіруге және цифрлық технологияларды енгізуге жаңа мүмкіндік ашатынын атап өтті.
Басқосуға аудан әкімінің орынбасары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл әкімдері, білім беру саласының өкілдері, зиялы қауым, жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында қатысушылар Жолдауда айтылған бастамаларды талқылап, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асыру жолдарын ұсынды.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға қатысты тапсырмаларға назар аударып, аграрлық сектордағы цифрландырудың тиімділігін түсіндірді. Ол жергілікті кәсіпкерлерді жаңа технологияларды меңгеруге, өндіріс процестерін оңтайландыруға шақырды. Білім беру саласының өкілдері жасанды интеллект дәуірінде жаңа мамандар даярлау қажеттігін, ал жастар өкілдері цифрлық бастамалардың болашаққа жол ашатынын атап өтті.
Сонымен қатар, аудан әкімінің өкімімен арнайы ақпараттық-насихаттық жұмысшы топтар құрылып, аудан аумағындағы 10 ауылдық округте Жолдауды түсіндіру жұмыстары басталды. Бастаманың алғашқы легі бүгін Шұбар және Шұбарсу ауылдарында жүзеге асты. Онда тұрғындармен ашық диалог өткізіліп, Президент ұсынған реформалардың өңірлік дамуға әсері жан-жақты түсіндірілді.
Жиынның күн тәртібінде – тек Жолдауды таныстыру ғана емес, оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін талқылау болды. Қатысушылар ауыл шаруашылығындағы инновациялар, экологиялық қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, сондай-ақ жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер жайлы пікір алмасты. Ардагерлер кеңесінің өкілдері аға буынның қолдауын білдірсе, жастар белсенділері жаңа бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Алдағы күндері осындай кездесулер ауданның өзге ауылдық округтерінде де жалғасады. Бұл шаралар – халықты ел дамуы үшін айқындалған маңызды бастамалармен таныстырып қана қоймай, ортақ жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған қадам. Жергілікті атқарушы органдар мен қоғам белсенділерінің бірлескен әрекеті Жолдауда көрсетілген міндеттердің табысты орындалуына жол ашады.
Президент Жолдауы – еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің айқын бағыты. Оны түсіндіру жұмыстары халықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, елдік мүддені жүзеге асыруға серпін бермек. Бүгінгі жиын – осы жолдағы нақты істердің бастамасы, аудан тұрғындарының мемлекет саясатына сенімін нығайтатын маңызды басқосу болды.
