Созақтықтар да балық шабақтарын өсіре бастады

Түркістан облысы балық шаруашылығы бойынша елімізде көш бастап келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы аясында Созақ ауданының шаруалары да балық шаруашылығымен айналысуды қолға алды. Бүгінде аталмыш ауданда тауарлы балық өсіруге қызыққан кәсіпкерлердің қатары күн санап арта түсуде. Соның бірі – «Бейбарыс» шаруа қожалығы.

2005 жылы ашылған шаруа қожалығы бұған дейін мал және егін шаруашылығымен айналысып келген болатын. Соның ішінде асыл тұқымды ангус тұқымын өсірген. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова Жартытөбе ауылдық округі, Аққолтық елді мекеніне арнайы барып, жеке кәсіпкер Қайрат Байниевтің шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер 15 гектар аумаққа балық шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр.

Ол мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алып, былтыр көктем айында өз ісін бастаған. Кәсіпкер өзінің жеке тоғанына 15 мың форель шабақтарын жіберіп, өсіруде.

Кәсіп иесімен кездескен басқарма басшысының орынбасары балық шаруашылығымен айналысу тиімді кәсіптердің бірі екенін айтып, мемлекет тарапынан қолдаулар болатындығын жеткізді.

Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Жалпы ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында балық шаруашылығын дамыту бойынша 7 кәсіпкер 56 млн теңге несие алған. Жалпы биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 232 жоба мақұлданып, 1 млрд. 20 млн. теңге қарастырылып отыр.

Айта кетейік, облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкер 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие алып, балық өсіру шаруашылықтарын ашқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *