Шардаралық кәсіпкер бөдененің еті мен жұмыртқасын экспорттамақ
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев Қ.Тұрысбеков ауылдық округіне қарасты Ақберді елді мекеніне барып, «Нұрасыл»фермерлік қожалығының жұмысымен танысты.
Шаруақожалық иесі Нұрболат Қариев 1 гектар аумақта орналасқан Бөдене өсіріп келеді. Қазір мұнда 3000-нан астам бөдене бар. Болашақта кәсіпкер оны 7000 данаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бөдене еті мен жұмыртқасын да экспортқа шығаруды мақсат етуде.
Сонымен қатар, А.Қарсыбаев шаруақожалықтың тамшылатып суғару әдісімен 1 гектар аумаққа егілген 500 түп Голден Делишес деп аталатын алма сортын көріп, бұл шаруақожалығының да алдағы жоспарларын талқылады. «Нұрасыл»фермерлік қожалығы бұдан бөлек балық өсіру, биогумус өндірумен айналысуда.
Аудан әкімі кәсіпорынның жұмысын саралап, бастамаға оң баға беріп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар бойынша барынша көмектесуге дайын екендігін жеткізді.
«Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы осындай кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың көбеюімен тікелей байланысты. Біз кәсіпкерлерге барынша қолдау жасап, халықтың әл-ауқатын көтеруге ұмтылуымыз қажет», — деді Арман Қарсыбаев.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, былтыр жылдың ІІІ тоқсанындағы көрсеткіш бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 492 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар (451 млн. АҚШ доллары) артығымен орындалды. Сонымен қатар, 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды.
Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөздер жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда.