зақстанның Қырғызстанға жанармай жеткізуді тоқтатқаны рас па?
Астанада Қырғызстан мен Қазақстан темір жолдары басшылығы кездесіп, биылғы 9 айда жүк тасымалдау көлемінің ұлғайғанын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі ел арасындағы темір жол көлігімен жүк тасымалдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсіп, 4 млн тоннаға жеткен.
Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға Транзит 11%-ға, 2,6 млн тоннаға дейін өскен.
Қазақстаннан Қырғызстанға экспорт — 1,5 млн тонна, мұнда 16% өсім бар.
Тараптар бірінші кезекте Қазақстан аумағы арқылы әлеуметтік маңызы бар сипаттағы жүк транзиті бойынша бірлескен тасымалдау жоспарларын толық көлемде келіскен.
«2023 жылдың қазан айына Қазақстан темір жолы мұнай өнімдері транзитін 144 мың тонна көлемінде мақұлдаған. Бұл ретте 24,5 мың тонна мұнай өнімдері Қырғыз Республикасына жеткізіліп жатыр. Осылайша, кездесуде Қазақстан бойынша Қырғызстанға транзиттік жүктің, оның ішінде мұнай өнімдерінің өтуі бойынша проблема жоқ екені атап өтілді. Қазақстан аумағы бойынша жанар-жағармай транзиті тоқтағаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, Қырғызстан нарығында мұнай өнімдері тапшылығы туындайтыны жөнінде алаңдаушылық негізсіз», — деп жазылған компанияның ресми мәлімдемесінде.
Қырғызстан мен Қазақстанның теміржол әкімшіліктері жүктердің қозғалысын толық бақылайды және жүкті межелі жерге дейін үздіксіз және тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында тығыз байланыста болады.
Қол жеткен уағдаластыққа сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қазақстан Республикасы аумағы бойынша Қырғыз Республикасына және керісінше өтетін транзиттік жүктерді уақытылы мақұлдауды қамтамасыз етеді.