Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмеджан Анартаев өз таңдауын жасады
Саяси науқанға Сайрам ауданының тұрғындары да белсенді түрде қатысты. Тіпті, Ұлы Отан соғысының ардагері Анартаев Ахмеджан өзі тіркелген Қарабұлақ ауылдық округінің №580 референдум учаскесінде келіп, өз таңдауын жасады. Майдангер «Елдің болашағы үшін әрбір қазақстандық референдумда өз дауысын беруге міндетті. Бүгінгідей ел еңсесін тіктеген шақта ауызбірлігіміз мықты болуы тиіс» деп, референдумға келушілерге, ондағы комиссия мүшелері мен байқаушыларға бүгінгідей саяси науқанның абыроймен өтуіне сәттілік тілеп, батасын берді. Бұл күні сайрамдықтардың рефрендумға деген белсенділігі жоғары деңгейде болды.
Айта кетейік, соғыс ардагері Анартаев Ахмеджан 1926 жылдың 10 қарашасында Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскерге шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымшарында еңбек етті. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 64-інші атқыштар полкында қызметтен жолынан өтті. Қатардағы жауынгер әскери шенін алған ол Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға, Германиядағы ұрыстарға қаймықпай қатысты. 1949 жылғы 10 сәуірде жарақат алмай, әскерден қайтты. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық сегіз медалімен марапатталған. Әскерден келгеннен кейін 1950 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Ә.Науаи атындағы ұжымшарда жүргізуші болып істеді. Бүгінгі таңда Қарабұлақ ауылында, Ашбұлақ көшесінде тұрады. 9 баласы, 28 немересі, 5 шөбересі бар.