Іскер әйелдер кеңесі ізгі істерге ұйытқы болуда
Әйгерім Қалдыбаева былтырдан бері Кентау қаласындағы іскер әйелдер кеңесін басқарып келеді. Орайы келгенде Әйгерім Абылайханқызын жақынырақ әңгімеге тартып, одан аталмыш кеңестің жұмысы жайлы сұраған болатынбыз.
— Әйгерім ханым алдымен өзіңізді таныстырып өтіңізші…
— Мен 1988 жылдың 13 сәуірінде Кентау қаласында дүниеге келгенмін. Қазіргі таңда тұрмыстамын. Жолдасым екеуі үш перзентті тәрбиелеп, өсірудеміз. Мектепті бітіргеннен кейін Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан техникалық университетіне заңтану мамандығына оқуға түстім. Еңбек жолымды Кентау қалалық прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу бөлімінде бас маман болып бастадым.
Одан кейін 2014 жылы Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетіне оқуға түсіп, мектепке дейінгі білім беру мамандығы бойынша диплом алдым. 2017 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында әкем екеуміз Кентау қаласында жеке балабақша аштық. Біздің жекеменшік ғимаратымыз бар еді. Бұған дейін оны жалға беріп келген болатынбыз. «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, 300 орынды үлкен балабақша аштық. 2020 жылы Ащысай елдімекенінде 150 орындық балабақшаны іске қостық. Қазіргі таңдар барлығын қосқанда біздің 450 орынды балабақшамыз бар.
— Енді іскер әйелдер кеңесі тарапынан іскер әйелдерге көрсетілетін қолдаулар жайлы айтып өтсеңіз.
— Менің Кентау қаласындағы іскер әйелдер кеңесіне төрайымдық жасағанына енді ғана бір жыл болады. Біздің кеңестің атқаратын жұмыстары әлі алда деп білемін. Мақсат етіп қойған жоспарларымыз көп. Әлі талай игі істердің ұйытқысы боларымызға кәміл сенемін. Жалпы қазіргі таңда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда жергілікті жерлердегі іскер әйелдер кеңесінің атқаратын қызметі орасан зор. Бүгінде облыста кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда. Олардың өз кезегінде жас кәсіпкер қыз-келіншектерге берері көп деп білемін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Жоғарыда айтып өткеніміздей, елімізде, облысымызда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнесте әйелдердің саны артып келеді. Сондықтан, іскер әйелдер кеңесі қазақтың қыз-келіншектерінің қоғамның сан саласында белсенді болып, олардың бастамаларына қолдау көрсетуді көздейді.
Толығырақ айтар болсақ, еліміздегі іскер әйелдер кеңесі «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған. Бүгінде өңірлік палаталардың да жанында өңірлік іскер әйелдер кеңестері жұмыс істейді. Кеңес Ұлттық палатаның тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңестік органы болып саналады және өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық палата Жарғысына, осы Ережеге және Ұлттық палатаның басқа да ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады. Кеңес қабылданатын шешім үшін жариялық, ерікті және Кеңес мүшелерінің тең жауапкершілігі қағидасымен жұмыс істейді. Кеңес құрамы Ұлттық палата Басқарма Төрағасының бұйрығымен бекітіледі. Төрайым мен Кеңес мүшелері өз қызметін тегін негізде жүзеге асырады. Кеңес құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті, мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар), Ұлттық палатаның мүшелері мен басшылық қызметкерлер, түрлі саласы бойынша сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мүше бола алады. Кеңес құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Жалпы аталмыш кеңес Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қажетті шаралар кешенін зерттеу, сараптамалық бағалау және жетілдіру, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру мақсатында құрылды. Кеңестің негізгі міндеттері: Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігіне толықтай қолдау көрсету және дамыту үшін саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, білім беру және денсаулық сақтау, бизнес пен үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің қатарынан табысты әйелдердің әлеуетін нығайту; Әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес мүмкіндіктерін ұлғайтуға қаржыландыру, инвестициялау және басқа да құралдарын тарту механизмін қалыптастыру; Әйелдер кәсіпкерлігі жобаларын жүзеге асыру; Әйелдер кәсіпкерлігіне тиімді қолдау көрсету және дамытудың заманауи механизмдерін дайындау; Әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы істің ахуалын жиынтықтау, әйелдер ортасында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерін анықтап, шешу жолдарын табу; Әйелдер кәсіпкерлігі саласында қолданыстағы нормативті-құқықтық базаға, кәсіпкерлік субъектілері қызметінің әйелдер ортасы ерекшелігін ескере отырып өзара әрекет механизмдеріне талдау жасау, әлеуметтік зерттеу жүргізу; Нормативті-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстарды дайындау, мемлекеттік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламалары мен жоспарларын қалыптастыру әрі жүзеге асыру; Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына берілетін Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауға және жариялауға қатысу; Кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру; Әйелдердің жеке кәсіпкерлікке қатысуына, олардың экономикалық бастамаларына қолдау көрсету және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады.
Кеңес артылған міндетті жүзеге асыру үшін өзінің құзыреттілігі аясында мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар) және кез келген меншік нысанындағы өзге де ұйымдармен өзара байланыс орнатуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін келісімшарттық негізде тиісті саланың мамандары мен сарапшыларын тартуға; бекітілген заңнама және Ұлттық палатаң ішкі құжаттарының тәртібінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан өз қызметін жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін Ұлттық палатаның құрылымдық бөлімдерінен, Өңірлік палаталар мен құрылтайшы ретінде Ұлттық палатаның қатысуымен заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өңірлік палаталардағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі төрайымының кандидатурасын келісімдеуге құқылы.
— Қаладағы іскер әйелдер қандай кәсіптерді меңгерген? Осы туралы айтып өтсек.
— Қазіргі таңда біздің кеңесте жиырмаға жуық іскер қыз-келіншектер мүшелікке енген. Жалпы қазақ халқы ежелден қыз баласын аса қадірлеп, ардақты аналарды құрметтеген. Қарындасты қорғап, аруларды аялаған. Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіппен айналысамын деген қыз-келіншектерге үлкен қолдау көрсетілуде. Солардың бірі ретінде қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелерді айтуға болады. Көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан көмектерді де тілге тиек ете кетуге болады. Қазақылықтың қаймағы сақталған Түркістан өңірінде, соның ішінде Кентау қаласында да нәзікжандылардың құқығын қорғау, оларды жан-жақты дамуын қолдау бағытында жұмыс жүргізілуде. Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне аналарымыздың, қазақтың қайсар қыз-келіншектерінің қосқан үлесі орасан зор. Экономикамыз қарыштап дамысын десек, алдымен кәсіпкерлерге жағдай жасау керек дер едім. Өйткені, қазіргі таңда Кентау қаласының экономикалық және әлеуметтік жағынан дамытуда қыз-келіншектердің қосып жатқан үлесі орасан зор. Нәзікжандыларымыз отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында белсенділік танытып, абыройлы еңбек етіп жатқан әйелдер көп. Олар көбіне кондитерлік өнімдерді дайындайды, тігін тігеді, қолөнермен айналысады.
— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіздер!