Түркістан облысындағы шиеленіс ошақтарын жою жөнінде жиын өтті
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен жиын өтті.
Жиынға Түркістан облысы прокурорының бірінші орынбасары Данияр Сыздықов, Түркістан облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Берік Ибадуллаев, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудан әкімінін орынбасары, аппарат басшысы, аудан покуратурасының прокурорлары, аудан аумағындағы өндіріс орындары мен кәсіподақ комитетінің басшылары қатысты.
Жиынның күн тәртібіндегі мәселе Түркістан облысындағы шиеленіс ошақтарын жою және жүйелі проблемаларды шешу болды. Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды, Түркістан облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Берік Серікбайұлы хабарлама жасады.
Қазіргі таңда аудан аумағындағы уран өндірісі орындарында жиі орын алатын бірқатар өзекті мәселелерді баяндап, жиынға қатысушы өндіріс орындарының басшылары мен жауапты мамандарына бірқатар ұсыныстар жолдады. Түркістан облысы прокурорының бірінші орынбасары Данияр Нұрділдаұлы жұмысшыларға жалақы мөлшеріне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, төменгі жалақы мөлшерімен қалып қойған азаматтардың жалақысын арттыру мәселесін қолға алу керектігін айтты.
Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Оралбайұлы өндіріс орындарында ең алдымен жұмысшылар мен басшылар арасында тығыз қарым-қатынас болуы керектігін айтып өтті. Алдағы уақытта наразылық тудырып отырған мәселелелерді анықтап, сол бойынша жұмысты жандандыру керектігін ескертіп, жиынды қорытындылады.