Балаларға қатысты статистика ұлғайды

Сала мамандарының мәлімдеуінше, 2027 жылға қарай елдегі балалар саны 8 млн.-ға ұлғаяды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова хабарлады. Оның айтуынша, елімізде 7 мыңнан астам мектепте 3,8 млн бала білім алады.

«Осы саладағы негізгі мәселе орын тапшылығы, үш ауысымдылық және мектептердің апаттылығы болып отыр. Оны шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба толық жүзеге асқан сәтте жоғарыда аталған мәселелер толық шешімін табады. Бұл шаралар балалардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған», — дейді Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, Түркістан облысында 1052 жалпы орта мектеп бар. Онда 518 733 оқушы білім алады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде  өңірімізде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл 29 мектеп (жалпы жобалық қуаттылығы 22 900 орын) пайдалануға берілсе, келер жылы тағы да 34 мектеп (36 100 орын) пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, облыстағы мектеп тапшылығын шешуге жеке кәсіпкерлер де ниет білдіруде. Олар 2024-2026 жылдары облыста орын тапшылығын, апат алдындағы (саман, каркас, кірпіш), үш ауысымды мектептердің мәселесін жою және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің орнына 23 мектептің құрылысын жүргізуді (жаңа мектептің құрылысы немесе қосымша оқу корпустарын салу) қолға алуда.

Мектепке дейінгі ұйымдарда 13701 педагог жұмыс істейді. Олардың 128-і магистратура, 8080-і жоғары оқу орнын бітіргендер, 3014-і мектепке дейінгі жоғары білімі бар, 2032-і техникалық және кәсіптік орта білім беру ұйымдарын бітіргендер. Балабақшаларда  11 педагог-шебер, 60 педагог-зерттеуші еңбек етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *