Дилнурадан үлгі алатын келіншектер көп
Дилнура Бахадирқызы қазір декреттік демалыста отырған ана. Соған қарамай ол қолөнермен айналысады. «Мен бала күнімнен гүл өсіруге құмартып өстім. Осы қызығушылығым мені кәсіпке қарай жетеледі десем болады. Қазір жіптен түрлі-түсті гүлдер тоқып сатамын», — дейді ол. Дилнура сурет салғанды да жақсы көреді. Ол қыз-келіншектерге арналған әсемдік салонында да жұмыс істеді. Кейіннен тұрмысқа шығып, балалы болды. Қазір екі бүлдіршіні өсіп келеді.
— Балаларым өскенде олардан достары «Анаң кім болған? Қандай жұмыс істеген?» деп сұраса, олар «Ошақ басынан ұзап шыға алмаған, үсті басы май сасыған, үстінен түтіннің иісі аңқыған адам емес, қоғамға пайдасын тигізген әйел болған» деп марқайып отырғанын қалаймын. Соған тырысып әрекет етудемін. Соңғы екі жылдың ішінде көптеген жетістіктерге жеттім. Өзімнің жеке онлайн сабақтарымды өзім секілді бала күтімімен үйде отырған аналарға қолжетімді бағамен сатып келемін. Бүгінге дейін 100-ден шәкіртіме бағыт-бағдар көрсетіп, олардың біразын жұмыспен қамтыдым.
Былтыр «Жылдың ең үздік қолөнер шебері» деген номинацияны иелендім. Бүгінде Қарашық ауылындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымымен. Қарашық ауылының қыз-келіншектерін қолдап отырған ауыл әкіміне айтар алғысымыз шексіз.
Түркістан өңірі ел демографиясына үлкен үлес қосып отырған облыс болып табылады. Бүгінде мұнда 177 мыңнан аса көп балалы аналар тұрады. Түркістан облысының аналары дүниеге сәби де әкеледі, қызмет те жасайды, кәсіпкерлікпен де айналысады. Соның бір дәлелі ретінде Дилнураны айтуға болады. Өзі әмбебап, өмірге икемді, бейімделгіш келіншек өзгелерді де кәсіп бастап, табыс табуға шақырып жүр. Қазіргі таңда облыс көлемінде 155 мың кәсіпкер болса, оның 32%-ын немесе 48 мыңға жуығын әйелдер құрап отыр.