Әйелдердің денсаулығын жақсартуға арналды

Ордабасы аудандық орталық ауруханада репродуктивті денсаулық апталығы басталды. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Б.А.Жандосова, Н.Ж.Жанғазинова пациенттермен дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Айта кетейік, әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау жағдайларын жасауға қатысты міндеттер Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатты дамыту тұжырымдамасында белгіленген болатын. Осыған орай, репродуктивті денсаулық апталығы жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының маңыздылығы, жоспарланбаған жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды (ЖЖБИ) болдырмау әдістері туралы төмен хабардарлығы, АИТВ инфекциясы мен ЖЖБИ-дің таралуының өсуі, сондай-ақ жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын адам папиллома вирусының алдын алу қажеттілігі сияқты мәселелерді шешуге бағытталған.

Апталық аясында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, денсаулық сақтау орталықтарында ашық есік күндері, жасөспірімдерге арналған тегін медициналық тексерулер мен кеңестер ұйымдастырылады. Акцияға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ және медиа тұлғалар белсенді қатысады. Негізгі мақсатты аудитория – жастар мен жасөспірімдер, репродуктивті жастағы ерлер мен әйелдер, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен білім беру қызметкерлері.

Репродуктивті денсаулық апталығы – репродуктивті денсаулық туралы сенімді ақпарат алудың, білікті мамандарға сұрақтар қоюдың, тексеруден өтудің және салауатты болашаққа қадам жасаудың бірегей мүмкіндігі. Айта кетейік, Түркістан облысында жыл сайын 40 мың жүкті әйел пренаталды скринингтен өтеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *