Алтынайдың тәттілері тіл үйіреді

Ордабасы ауданына қарасты Қажымұқан ауыл округінің тұрғыны Алтынай Башарқызы кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаның көмегімен өз үйінен кондитерлік цех ашқан кәсіпкер. Ол бұған дейін балабақшада 10 жылдай тәрбиеші болып жұмыс істеген болатын.
Алтынай 2019 жылы кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы курс бітіріп, «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы 555 мың теңге мемлекеттік грант ұтып алған болатын. Сол қаржыға пеш және ас үйге арналған жабдықтар сатып алып, үйінде түрлі тәтті өнімдер дайындауды қолға алады. Уақыт өте келе өз өнімдеріне деген сұраныс артып келе жатқанын байқаған кәсіпкер халық көп шоғырланған орталық жерден «Алтынай тәттілері» атты дүкен ашады.
– Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме біраз уақыт болды. Декреттік демалысқа шыққанда үйде отырып торт пісіріп, тапсырыс қабылдап жүрдім. Осылай тәттілер пісіруге деген қызығушылығым ояна бастады. Өзімнің машықтанған кәсібім болған соң мемлекеттік бағдарламаны пайдалана отырып, осы істі түбегейлі қолға алғанды жөн көрдім. Содан балабақшадан заңды түрде жұмыстан шығып, үйдің жанынан цех аштым. Осыдан бір жыл бұрын кәсіпкерлерді қолдау қорынан көпбалалы ана ретінде 4 пайызбен 4 млн. теңге несие алдым. Ол ақшаға «Алтынай тәттілері» кондитерлік өнімдер дүкенін ашып, қажетті құрал-жабдықтар мен техника сатып алдым, – дейді Алтынай Башарқызы.
Бүгінде Алтынайдың цехында торт, тәтті нан, кекс, тоқаш, самса сияқты кондитерлік өнімнің түр-түрі шығарылады. Тапсырысқа қарай өнім түрлері де көбейіп отырады. Алтынай кәсіпкер болғысы келетін қыз-келіншектерге тәуекелге барудан қорықпау керек екенін айтады. Әрекетке – берекет. Сондықтан, кездескен қиындықтарға мойынсұнбай, бастаған істі соңына дейін апару керек дейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *